Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы бизнес дауын реттеуге көмектесті
Қарағандыда Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің отырысында несие мен өндіріс мәселелеріне қатысты бизнес өтініштері қаралды. Балқаш кәсіпкерлері қиындықтарын жеткізді, ал Палата даулы жағдайларға шешім табуға ықпал етті.
Алдымен Балқаш қаласындағы «Salus Vita» ЖШС-ның өтініші қаралды. Компания 70 млн теңге көлемінде несие алып, медициналық орталық салуды жоспарлаған. Бағдарлама шарттарына сәйкес, «Даму» қоры пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға тиіс болған, алайда субсидиялау шартына қол қойылмаған болып шықты.
«Біз кепілдік беру туралы келісімге қол қойдық, бірақ банк пен Қор тарапынан субсидиялау келісімі жасалған жоқ. Тоғыз айдан бері несиені ай сайын 1,6 млн теңгедентолық мөлшерлемемен төлеуге мәжбүрміз. Льготалық жағдайда төлем 1,1 млн теңге болар еді», – деді кәсіпкер.
Қор өкілдері қаржылай қолдау қаражаттың қолжетімділігіне байланысты екенін түсіндірді. Қазірқаражат жеткіліксіз болғандықтан, осындай жағдай туындаған. Сонымен бірге, компанияға басқа бағдарлама аясында несиені қайта қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Одан кейін «Адал 2010» ЖШС-ның өтініші талқыланды. Компания коммуналдық сыпырғыштар өндіретін зауыт ашуға 80 млн теңге инвестиция салған. Қытайдан жабдық әкеліп, Балқашта өндірістік алаң дайындаған, алайда «Даму» қоры жобаны Астанада іске қосу қажет деп талап еткен.
«Біз бастапқы кезден-ақ ғимарат дайын, жобаны жүргізу Балқашта тиімді екенін көрсеткенбіз. Бірақ Қор зауытты Астанада ашуды қатаң талап етті. Бұл біз үшін тым ауыр шығын – жалдау ақысы, электр қуатытарифтері, салықтар елордада бірнеше есе жоғары», – деді компания директоры Ердоc Науанов.
Бірнеше айға созылған хат алмасудан кейін және Кәсіпкерлер палатасы мен елорда әкімдігінің араласуымен мәселе шешімін тапты: жоба өңірлерде орналастыруға шектеу қоймайтын басқа бағдарламаға ауыстырылды.
«Төрт-бес ай бойы барлық инстанцияға жаздық. Тек Қарағанды палатасы өтінішімізге жауап беріп, көмектесті. Қазір банкте қайта қаржыландырудың соңғы сатысынан өтудеміз. Көрсеткен қолдауларыңызға көп рақмет», – деді Ердос Науанов.
«Адал 2010» ісі кеңесте кеңінен талқыланды. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Геннадий Жмук формалды бұзушылықтар бизнестің дамуына кедергі болмауға тиіс екенін айтты.
«Иә, «Адал 2010» ісінде аумақтық сәйкессіздік болды. Бірақ қаражатты мақсатсыз пайдалану фактілері болған жоқ. Кәсіпкер сұранысқа ие өнім шығаруға дайын. Сондықтан мұндай жағдайда Қор тығырыққа тіреудің орнына шешім іздеуі қажет», – деді ол.
Кеңес мүшелері де бизнесті қолдау диалог пен кәсіпкерлердің нақты мүмкіндіктерін ескеруге негізделугетиіс екенін атап өтті.
«Компания міндеттемелерін орындай алатын болса, тіпті кейінге қалдырумен болса да, төлем кестесін түзету қажет, бірақ жобаны тоқтатпау керек», – деген пікір айтылды.
Отырыста гранттарды қайтару және алаяқтық жағдайлары да жеке қаралды. Палата директорының орынбасары Азамат Даненбаев адал емес контрагенттердің әрекетінен зардап шеккен кәсіпкерлермен татуласу келісімдерін жасауды ұсынды.
Кеңес қорытындысы бойынша «Даму» қорымен, екінші деңгейлі банктермен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейту ұсынылды. Қатысушылар даулы жағдайларда икемді көзқарас пен диалогты сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
«Біз істерді сотқа немесе прокуратураға дейін жеткізуді құптамаймыз. Әрқашан ымыралы шешімдер іздейміз. Себебі, басты мақсат – формализм емес, кәсіпкерлікті қолдау», – деп түйіндеді Геннадий Жмук.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: