Ұлттық палата Премьер-Министрмен кездесуде ТМК-ны цифрлық шешімдер мен ашықтық арқылы дамытуды ұсынды
«Атамекен» ҰКП бастамасымен отандық кәсіпкерлер тау-кен металлургия кешенін (ТМК) дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Жиынға тау-кен және металлургия кәсіпорындарының басшылары, салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Кездесу барысында биыл ТМК-де мыңдаған жұмыс орнын ашуға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік беретін 28 инвестициялық жоба іске асырылып жатқаны айтылды.
«Мемлекет басшысы алдымызға өндіріс көлемін сақтап қана қоймай, сапалы өсуді қамтамасыз ету, ұзақмерзімді инвестициялар тарту сияқты стратегиялық міндет қойып отыр. Біз «шикізат өндіру және экспорттау» моделінен «ел ішінде қайта өңдеу және қосымша құн құруға» көшеміз. Үкімет ел ішінде қайта өңдеуді ынталандыру, жаңа өндірістерді қолдау, металлургиялық кластерлерді дамыту ісін жалғастырады», - деді Олжас Бектенов.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов соңғы жылдары мемлекет пен бизнестің ТМК саласындағы ынтымақтастығы нақты нәтижелер бергенін атап өтті.
«2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында саланың басымдықтары бекітілді, көмір химиясы және елішілік құндылық жөніндегі бастамалар қолдау тапты, жаңа Салық кодексіне ТМК бойынша түзетулер блогы енгізілді. Аталмыш қадамдар диалогтың жұмыс істейтінін растайды. Бұл ретте, ТМК секторындағы «Атамекен» жұмысы жаңа деңгейге шыққанын, атап айтқанда ТМК және елішілік құндылықты дамыту жөніндегі жобалық кеңсе құрылғанын, ол тек салалық қана емес, сонымен қатар, салааралық сараптама алаңына айналғанын атап өту маңызды. Осылайша, біз ірі бизнесті, шетелдік компаниялар мен ШОБ-ты ТМК-ға біріктірдік», – деді Райымбек Баталов.
Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы бизнес-қауымдастық атынан «Атамекен» ҰКП және сарапшылармен бірлесіп, жыл соңына дейін ТМК дамуының стратегиясын Тұжырымдама түрінде дайындап, пилоттық жоба ретінде негізгі мақсатты индикаторларды, тұйткілді мәселелер мен инвестициялық жобаларды Бизнестің цифрлық картасына енгізуді ұсынды.
Р. Баталовтың айтуынша, бұл шаралар тарифтік саясатты үйлестіруге, реттеудің алдын ала болжануын қамтамасыз етуге, геология мен терең өңдеу бойынша басымдықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде ашық әрі болжамды іскерлік орта қалыптасады.
Кездесу барысында бизнес өкілдердің де баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, ферроқорытпа зауытының директоры Хондамир Юлдашев жиынға қатысушылардың назарын орта бизнес үшін электр энергиясы тарифтерінің жоғары екендігіне аударды. Бұл мәселе кәсіпорынның терең өңдеу әлеуетін дамытуға мүмкіндік бермейді.
Сонымен бірге, теміржол тарифтері мен локомотивтік тарту қызметтерінің алдын ала болжанусыз өсу мәселесі көтерілді. «Қазақмыс» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Нұрахмет Нұриев локомотивтік тарту қызметтері тарифтерін мемлекеттік реттеуді сақтау қажеттігін атап өтті.
Жалпы, ТМК саласы өкілдері бірқатар негізгі мәселелерді айқындап берді: минералдық-шикізат базасы сапасының төмендеуі, өндірістік қуаттардың тозуы, электр энергиясы, теміржол қызметтері, газ тарифтерінің өсуі және өнімнің өзіндік құнына қатысты қысым, жас компаниялар үшін қаржыландыруға қолжетімділіктің қиындығы, сервистік геологиялық барлау компаниялары үшін жерді пайдалану мен салық режиміндегі мәселелер.
Айта кетсек, көтерілген мәселелерден бөлек, бизнес тарапынан бірқатар конструктивті ұсыныс айтылып, Премьер-Министр тарапынан Үкіметке нақты тапсырмалар берілді.
Әсіресе, бұл мәселелерді шешу тек бизнес мүддесі үшін ғана емес, тұтас ел экономикасы үшін де аса маңызды екені ерекше атап өтілді. Тау-кен және металлургия кешені – жүйе құраушы сала, оның тұрақты дамуы Қазақстан экономикасына ондаған жылдарға жеткілікті ұзақмерзімді әлеует пен мультипликативті әсер береді.
«Біз Кеңес алаңына, Премьер-Министрге және Үкіметке осы отырысты ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамыз. Саланы дамыту әлеуетін мемлекет пен бизнестің бірлескен күш-жігерімен барынша арттыру қажет деп сенеміз», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП-да.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: