Қазақстанда миллиардтаған теңгеге жалған сертификаттармен жасалған алаяқтық анықталды
«Атамекен» ҰКП-да бизнес пен мемлекеттік органдар мәселені шешу жолдарын талқылады
Бүгін «Атамекен» ҰКП-да бизнес-қауымдастық пен мемлекеттік органдардың өкілдері жалған сәйкестік сертификаттарын пайдалану арқылы елге сапасыз әрі қауіпті тауарлардың жаппай әкелінуіне қатысты мәселені талқылады.
«Сәйкестік сертификаттары мен сәйкестік бойынша декларацияларды қолдан жасау тәжірибесі кеңінен таралып отыр. Бұл адал бизнеске, отандық тауарларымыз бен кәсіпорындарға қатты әсер етеді. Алаяқтық схемалар жаппай сипатқа ие болып отыр, сонымен қатар алаяқтардың технологиялық тұрғыдан дайындығы аса жоғары», – деп атап өтті жиынды ашқан «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Кеңес барысында алаяқтық схемалардың айлакерлік деңгейге жеткені, олардың ел экономикасына миллиардтаған шығын келтіріп, азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғаны жөнінде айтылды. «Qazaq Stone» Қазақстан тас өңдеу саласы одағы» ЗТБ-ның басқарма төрағасы Дәурен Ағзымов қылмыскерлер мемлекеттік порталдарды дәлме-дәл қайталайтын жалған сайттар жасайтынын мәлімдеді.
«Домендік атауында ешқандай тыныс белгісі болмайтын жалған веб-сайт қолданылады. Мысалы, eoknogov.kz, ал ақпараттық жүйенің ресми мекенжайы – eokno.gov.kz. Айырмашылығы тек бір нүктеде», – деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ контрафактілік цемент мәселесіне ерекше назар аударылды. «QazCem» Қазақстан цемент және бетон өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ директоры Ербол Ақымабаев «фотошоппен» жасалған жалған сертификатты қоса алғанда екі өрескел жағдай туралы баяндады. Бұдан бөлек, мәрмәрға, болат есіктерге, мектеп жиһазына және арнайы жұмыс киіміне қатысты жалған құжаттар тіркелген.
Сарапшылар бұндай жағдайларға тежеуші фактор бола алатын құқық қорғау органдарының бейқамдығына және айыппұлдардың төмендігіне алаңдаушылық білдірді.
Ақымабаевтың айтуынша, «бұл – бүкіл жүйеге жасалған қорлық», өйткені көлеңкелі импорттаушылар үшін 1 млн теңге көлемінде мардымсыз айыппұл төлеп, қызметін жалғастыра беру ауыр жауапкершілікке тартылудан оңайырақ.
«Сауда палатасы Фирмасы» ЖШС-ның бас директоры Альмира Серікбаева да полицияның қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, жалған құжаттың түпнұсқасын талап ететінін растады.
«Оны қалай табуға болатыны түсініксіз. Бұл заңдағы олқылықты туғызып, алаяқтарға қылмыстық әрекетін ары қарай жалғастыруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Жалған сертификаттарға қатысты мәселелер бойынша өткен кеңесте қатысушылар проблеманы жүйелі әрі жедел түрде шешу қажет деген ортақ пікірге келді.
Мәселені шешу үшін негізгі ұсыныстар айтылды:
- Деректер базасын интеграциялау.
Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Жандос Секенов олардың жүйелерінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің базасымен интеграцияланбағанын мойындады. Жаңа жүйені іске қосу осы жылдың 1 желтоқсанына жоспарланған.
- Жауапкершілікті күшейту.
Келтірілген залалдың көлемімен пара-пар ету мақсатында тексерістерге кедергі жасағаны үшін әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін бірнеше есе арттыру ұсынылды. Сарапшылардың айтуынша, айыппұл көлемі кемінде 100 есе артуға тиіс.
- Жедел шаралар.
Қажетті құжаттарсыз өнімдерді тәркілеу және олардың сатылымына тыйым салу ұсынылды.
- Жалған сайттарды бұғаттау.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде фейк-сайттарды бұғаттау мүмкіндігі бар екені айтылды, бірақ ол үшін ресми сұрау жіберу қажет.
Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекеттік органдарға арналған нақты ұсыныстары бар бірлескен хаттама әзірлеуге уағдаласты.
Бизнес-қауымдастықтың пікірінше, бұл бастама заңнамаға нақты түзетулер енгізіп, импортталатын тауарларға бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Соның арқасында отандық өндіріс қорғалып, азаматтардың қауіпсіздігі нығаяды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: