Астанада мини-футбол турнирі аяқталды: жеңімпаздар марапатталды
Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 12 жылдығына арналған жыл сайынғы мини-футбол турнирінің ойындары аяғына жетті. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 18 команда қатысып, шара нағыз спорт пен корпоративтік рух мерекесіне айналды.
«Атамекен» ҰКП қолдауымен ұйымдастырылған аталмыш турнир жай ғана спорттық шара емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – түрлі өңір қызметкерлеріне бейресми жағдайда өзара қарым-қатынас орнатып, жұмыс барысындағы байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін нағыз тимбилдинг.
Биыл турнирге Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу және Солтүстік Қазақстан облыстары сияқты шалғай өңірлерден де командалар келді. Қатысушылардың пікірінше, мұндай кездесулер оларды жігерлендіріп қана қоймай, басты мақсат – кәсіпкерлерді қолдауға бірге қадам басуға ынталандырады.
Командалар үш күн бойы жүлделі орындар үшін бақ сынады. Ойындар аса тартысты өтіп, тек қатысушыларға ғана емес, жанкүйерлер үшін де ерекше әсерлі болды. Әрбір голдан кейін көрермендер «Алға!», «Жарайсыңдар!», «Әдемі!» деп айқайлап, әріптестерін қыздыра түсті.
Әрине, спорт болған соң, жарақатсыз тағы да болмайды. Дегенмен, алған соққылардан болған ауырсынудың орнын күлкі жазып, жеңіске деген құлшыныс алға тартып кетті.
Бұл жолы Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының командасы алғаш рет жеңімпаз атанды.
«Біз біраз дайындалып, басшылықтың сенімін ақтау үшін бар күшімізді салдық. Маңғыстау өңірінде біз тек бірінші орын алуға үйренгенбіз», – деді күлімдей отырып команда капитаны, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бөлімінің сарапшысы Олжас Ибраев.
Екінші орынды «Атамекен» ҰКП Орталық аппаратының командасы иеленді. Олар да турнир барысында жоғары деңгейдегі ойындарын көрсете білді.
Ал екі мәрте чемпион атанған Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының командасы биыл жүлделі үшінші орынға тұрақтады. Команда капитаны, өңірлік палатаның директоры Ерқанат Мұсылманбек бұл нәтижені титулды лайықты қорғау деп бағалады.
«Ұйымымыздың құрметіне жыл сайын осындай турнир өткізуге мүмкіндік берген басшылыққа алғыс айтамын. Дода басымызды біріктіріп, бірлігімізді нығайтады. Ойынға көптеген команданың келгені көңіл қоншытады. Өз жігіттеріме ризамын, олар мен үшін –үздіктер. Бұл үш жыл менің есімде мәңгіге қалады», – деді ол.
Командаларды қолдау мақсатында алыстан ат шаптырып, жанкүйерлер де келген. Соның бірі – Атырау өңірлік палатасының сертификаттау департаменті маманы Жансая Ахметова:
«Біз бар жан-тәнімізбен командамызға жанкүйер болдық. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Алғаш рет үздік төрттікке кіру – біз үшін үлкен жетістік әрі мақтаныш. Маған бәрі қатты ұнады, мұндай шараға алғаш рет қатысып отырмын», – деді ол.
Жүлделі орындардан бөлек, бірнеше арнайы номинациялар бойынша да марапаттар табыс етілді:
- «Үздік жанкүйер» – Атырау облыстық палатасының сертификаттау маманы Айгүл Максотова.
- «Үздік қорғаушы» – Қоғаммен байланыс департаменті директорының орынбасары Еркеғали Балажанов.
- «Үздік бомбардир» – Атырау облыстық КП Құрманғазы аудандық филиалының директоры Әнуарбек Сәбитов.
- «Үздік қақпашы» – Маңғыстау облыстық КП кеңесшісі Сұлтанғали Бердіғұлов.
- «Үздік ГОЛ» – Павлодар облыстық КП филиал директоры Айдос Шайхислам.
Айта кетсек, «Атамекен» турнирі бірлік пен ұйымшылдық тек футбол алаңында ғана емес, кәсіби қызметте де табыс кілті екенін көрсеткен жарқын шара болды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: