Қарағанды облысындағы түзеу мекемелерінде бизнеске өндірістік алаңдар ұсынылды
Қарағанды қаласында Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің оныншы отырысы өтті. Күн тәртібінде – «Еңбек-Қарағанды» РМК-пен әріптестік мәселелері, филиалдардың есептері қаралды.
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Жүніс Әбдіқайыров кәсіпкерлерге түзеу мекемелеріндегі өндірістік орынжайларды таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда аймақтың өндірістік аймақтарында 29 бизнес-субъект жұмыс істеп, 300-ден астам сотталған еңбекпен қамтылған. Алайда жаңа өндірістерді орналастыруға мүмкіндік беретін бос орынжайлар да бар.
«Біз алаңдар мен жұмыс күшін ұсынуға дайынбыз. Сотталғандар мамандық меңгеріп, дағдыларын жетілдіреді. Бұл олардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне ықпал етеді. Ал кәсіпкерлер үшін бұл қосымша еңбек ресурсын тартудың тиімді жолы», – деді Жүніс Әбдіқайыров.
Кәсіпкерлер түзеу мекемелері аумағында жұмыс жүргізу жағдайлары, мүліктің сақталуына кепілдік беру және кіру тәртібін жеңілдету мәселелерін көтерді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан қолдау шараларын қарастыру ұсынылды. Атап айтқанда, жабдықты сақтандыру және түзеу мекемелерінде өндірілетін өнімдерге тікелей мемлекеттік тапсырыс беру мәселелері талқыланды.
Отырыста кәсіпкерлер палатасының бірқатар филиалының есептері де тыңдалды. Приозерск қаласы мен Абай ауданы филиалдарының директорлары кадр тапшылығы, халықтың төлем қабілетінің төмендігі және өткізу нарықтарының шектеулілігіне тоқталды.
Қорытынды сөзінде Өңірлік кеңес төрағасы Владимир Алескеров көтерілген мәселелердің өзектілігін атап өтіп.
«Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажет. Кәсіпкерлікті дамыту мен бизнеске қолайлы жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз»,– деді Владимир Владимирович.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: