Ақмола кәсіпкерлеріне Салық кодексіндегі өзгерістер түсіндірілді
Бүгін «Bolashaq saraiy» алаңында жаңа Салық кодексінің ережелерін түсіндіру бойынша ауқымды семинар өтті. Көшпелі семинарларды Мемлекеттік кірістер комитеті еліміздің барлық өңірлерінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп өткізуде.
Іс-шараға ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті, Ақмола облысы Мемлекеттік кірістер департаменті, өзге де мемлекеттік органдар, өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ бизнес субъектілері қатысты.
Еске салсақ, осы жылдың 18 шілдесінде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды. Ол салықтық әкімшілендіруді ауқымды оңайлатуды көздейді: салық есептілігінің көлемі 30%-ға қысқарады, салықтардың саны 20%-ға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Маңызды өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салығынан бастап инвестицияны ынталандыруға және салық жүктемесін қайта бөлуге дейінгі барлық негізгі бағыттарға әсер етті.
«Көптеген кәсіпкер үшін маңызды өзгерістердің бірі — арнайы салық режимдерін оңтайландыру. Олардың енді үшеуі ғана бар: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтіндер және шаруа не фермер қожалықтары. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мобильді қосымша арқылы төлем жасай алады», – деп атап өтті ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов.
Қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі белгіленді, ол – 16%. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін ҚҚС төмендетілген мөлшерлемесі енгізіледі – 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10%. Мерзімді баспа басылымдарын іске асыру үшін ҚҚС 10%-ға дейін төмендетілетін болады. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК (40 млн теңге) дейін төмендетілді.
Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады, алайда енді сараланған мөлшерлемелер енгізіледі:
- 25% – банктер үшін (бизнесті несиелеуден басқа) және құмар ойындармен айналысатын бизнес үшін;
- 5% – әлеуметтік сала ұйымдары үшін (2026 жылы), бұл көрсеткіш 2027 жылы 10%-ға дейін өседі;
- ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеңілдікті мөлшерлеме өзгеріссіз қалды – 3%.
Салықтық бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылды: жоспарлы тексерулерден бас тарту енгізілмек. Шағын және орта бизнес субъектілері үшін тексеру мерзімі 180 күнтізбелік күннен аспайды. Шағын бизнес субъектілерінен құжаттар екі реттен артық сұралмайды, ал нұсқама қолма-қол тапсырылады.
«Сонымен қатар, салықтық әкімшілендіру тәсілдері айтарлықтай өзгеруде. Камералдық бақылау енді ескерту сипатына ие. Салық берешегін өндіріп алу, кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері жеңілдетіледі. Берешектің шамалы сомасы кезінде бизнес шоттары бұғатталмайды. Хабарламалар мен шаралар борыш сомасына байланысты кезең-кезеңімен қолданылатын болады», – деп атап өтті Жаныбек Нұржанов.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алатын «еркін микрофон» форматы қарастырылды.
«Салық есептілігі қысқарады, есептілік нысандарының саны азаяды, «оңайлатылған» декларация түрлендіріледі және жалпы салықтық әкімшілендіру жеңілдетіледі. Осыған байланысты қолма-қол ақша ағыны және айналымның ұлғаюы күтілуде. Бұл жайт ірі компаниялармен белсенді өзара іс-қимыл үшін маңызды серпін болады. Әрине, бастапқы кезеңдегі кез-келген реформа белгілі бір қиындықтарды тудырады, бірақ тәжірибе көрсеткендей, кез-келген өзгеріс уақыт өте келе оң әсерін береді. Өйткені бұл бизнестің өсуі мен дамуына жаңа мүмкіндіктер туғызады. Бұл шаралардың барлығы пысықталатын, нақтыланатын және тәжірибеге енгізілетін болады, жақын арада біз олардың тиімділігін бағалап, нақты нәтижелерді көре аламыз», – деп бөлісті «Агро Глобал» ЖШС директоры Ольга Липень.
«Салық реформасының қажеттілігі әлдеқашан пісіп жетілген. Бұл өзгерістер ұлттық және әлемдік экономикадағы өзгерістер аясында сөзсіз болады. Кәсіпкерлер өзгерістермен танысуға және олардың артықшылықтарын бағалауға мүмкіндік алды. Салық заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіруге бағытталған осындай кездесулер алдағы уақытта да өткізілетін болады, бұл бизнеске жаңа жағдайларға тиімді бейімделуге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: