«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жағалау аймақтарына қол жеткізу: ҰКП алаңында нормативтік базаны жетілдіру ұсынылды

2025 жылғы 13 Тамыз
1296 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы азаматтардың су айдындарында болуға қатысты т.б. «шартсыз» құқығы жөнінде түсіндіру және талқылау бастамасын көтерді.

Кездесуге туристік бизнес өкілдері, орталық мемлекеттік органдар мен салалық құрылымдар қатысты. Талқылауға туристік сала кәсіпкерлерінің құқықтық белгісіздік пен жағалау аймақтарында туындап отырған дауларға қатысты көптеген өтініштері себеп болды.

Су ресурстары министрлігі ұсынған және БАҚ-та кеңінен таратылған су пайдаланудың жаңартылған қағидаларын біржақты, қате түсіндіру салдарынан азаматтар ақылы қызмет көрсететін демалыс аймақтарының аумағына да еркін кіруді талап ете бастады.

Іс жүзінде мәселе қағидаларда көрсетілгендей біржақты емес, өйткені су айдындарына қолжетімділік бірнеше нормативтік құқықтық актілермен реттеледі:

- ҚР Конституциясының 6-бабы жеке меншікті қорғайды, бірақ оны қоғамдық мүддеде пайдалануды талап етеді.

- ҚР Су кодексінің 17-бабы әрбір азаматтың жалпы су пайдалануға құқығын қамтамасыз етеді және су айдындарына негізсіз шектеу қоюға тыйым салады.

 - ҚР Жер кодексінің 68–69-баптары бөгде тұлғалардың басқа біреудің жер учаскесінде болуына тыйым салынбаған жағдайда ғана қоршаулар мен кедергілер болмағанда және меншік иесіне зиян келтірмей рұқсат береді.

«Бұл мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халық пен мүдделі тараптарға Су және Жер кодекстерінің нормаларын уақтылы және толық түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Кәсіпкерлер мен тұрғындардың мүдделерін теңдей сақтау арқылы түсінбеушілік пен әлеуметтік шиеленісті болдырмауға болады», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры – Туризм департаментінің директоры Дәмиля Құнанова.

Қазіргі уақытта БАҚ-та тараған «шартсыз қолжетімділік» түсінігі бірқатар мәселелер туындатуда:

  • азаматтар үшін – жеке немесе жалға берілген аумақтарда қолжетімділік құқығын іске асыру қиындықтары;
  • кәсіпкерлер үшін – коммерциялық қызметті жүргізу кезінде қолжетімділікті реттеудің нақты тәртібінің болмауы;
  • жергілікті органдар үшін – жедел шешуді талап ететін даулар мен өтініштердің көбеюі.

Көптеген жағалау аймақтары – танымал туристік және рекреациялық орындар. кәсіпкерлер аумақтарды абаттандыруға, құтқару құралдарын орнатуға, күзет, жарықтандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге қаржы салады. Алайда, өткел мен инфрақұрылымды пайдалануға ақы төлеуден бастап қауіпсіздікке жауапкершілікке дейін нақты құқықтық базаның болмауы түрлі дауларға әкеледі.

«Біз абаттандыруға қомақты қаржы жұмсадық: құм әкелдік, брусчатка төседік, құтқару құралдарын алдық. Адамдардың қауіпсіздігіне жауаптымыз, бірақ аумаққа бәрін жіберуге міндеттіміз. Мұндай жағдайда тәртіпті сақтау және шығынды өтеу мүмкін бе?», – деді Балқаш қаласындағы «Нұрбақыт» демалыс аймағының өкілі Гүлжан Маканалинa.

Оны өзге де кәсіпкерлер қолдады. Олар азаматтарда су айдынына 50–100 метр қашықтықта еркін қолжетімді орын бола тұра, демалыс базасының аумағына тегін кіруді талап еткен жағдайларды атап өтті. Сондай-ақ кәмелетке толмаған спортшылар жаттығатын базаға спирттік ішімдік ішкен, тәртіп бұзған адамдардың кіру оқиғалары да орын алған. Мұндай жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету кәсіпкерлердің өз күшімен мүмкін емес.

Қарағанды облысынан кәсіпкер Александр Струментов аталмыш мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдар негізгі жауапкершілікті кәсіпкерлерге жүктеп, өздері одан қашқақтайтынын жеткізді.

Талқылау барысында уәкілетті органдар да өз ұстанымын білдірді.

«Егер су қорғау аймағында күрделі құрылыстар болмаса азаматтардың су айдындарына еркін қолжетімділігі коммерциялық қызмет жүргізуге және сервистік қызмет көрсетуге кедергі емес. Қоғамдық сервитут – жалпы су пайдаланудың ажырамас бөлігі, ал меншік иелері немесе жалға алушылар оны заң шеңберінде қамтамасыз етуге міндетті», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев.

«Мемлекеттік орган ретінде біз азаматтар, бизнес және мемлекеттік құрылымдардың мүдделер теңгеріміне қол жеткізу үшін қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бастамаларын қолдауға дайынбыз», – деді ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Қарипбаев.

Жиын қорытындысы бойынша қолданыстағы НҚА-ға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін кәсіпкерлерден жұмыс тобын құру және халықты Су және Жер кодекстерінің қолданыстағы нормалары туралы ақпараттандыру арқылы даулар мен түсінбеушіліктердің алдын алу туралы шешім қабылданды.

Кездесу қатысушылары бизнестің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың кешенді және бірлескен жұмысы ғана жағалау аймақтарында қауіпсіз, заңды әрі жайлы демалысты қамтамасыз етіп, ішкі туризмді дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерді іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174