Жер мәселелерін павлодарлық «Атамекен» палатасының ауылдағы кездесуінде шаруалар көтерді
Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасына жер қатынастарына қатысты мәселелер бойынша кәсіпкерлік субъектілерінен көптеген өтініштер түсе бастады. Бұл жағдай Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің көшпелі отырысын ұйымдастыруға негіз болды. Іс-шара Павлодар ауданының Кемеңгер ауылында өтті.
Ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылған кездесуге кәсіпкерлер, аграршылар, өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Нұрлан Нәбиев, Павлодар облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі – Өңірлік палата директорының орынбасары Мәди Сыздықов, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінген шаруаларды мына мәселелер алаңдатады: мақсатты пайдаланылмаған немесе заң бұзушылықтармен пайдаланылып жатқан жер учаскелерін алып қою, жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібі, шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру конкурсын ұйымдастыру және өткізу тәртібі және басқа да мәселелер. Кездесуде кәсіпкерлер жер телімдерін пайдалануға қатысты мемлекеттік бақылау қандай түрде жүргізілетінін сұрады. Павлодар облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Аян Бексейітовтің айтуынша, Жер кодексіне сәйкес жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес объектіге бару арқылы тексеру және профилактикалық бақылау, сондай-ақ объектіге барусыз профилактикалық бақылау түрінде жүргізіледі.
Сондай-ақ, шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру конкурсын ұйымдастыру және өткізу туралы сұрақ көтерілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жер учаскесіне құқық беру тәртібі де қызықтырды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов көтерілген көптеген сұрақтардың әрқайсысына Жер кодексіне сілтеме жасай отырып жауап берді.
Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы аудандар мен қалаларда бизнесті құқықтық мәселелер және қаржылық құралдар бойынша түсіндіру жұмысын алдағы күндері жалғастыратын болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: