«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жаңа Салық кодексі: Қарағанды кәсіпкерлері білуі тиіс ақпарат

2025 жылғы 11 Тамыз
- Қарағанды облысы
2686 просмотров

2025 жылғы 18 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және салық салу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды. Жаңартылған нормаларды өңірлерде түсіндіру мақсатында орталық жұмыс тобы құрылып, оның кезекті сапары Қарағанды облысында өтті.

Құжаттың негізгі ерекшелігі – салық жүйесін барынша ашық, әділ және тиімді ету. Кодекс есептіліктің көлемін 30%-ға қысқартуды, салық түрлерін 20%-ға азайтуды, сондай-ақ бизнеске қосымша ауыртпалық түсірмей жеңілдіктер мен міндетті төлемдерді оңтайландыруды көздейді.


Делегация құрамында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов, Мемлекеттік кірістер комитетінің Әдіснама департаменті директорының орынбасары Ораз Әбдірахманов, Мемлекеттік кірістер комитетінің Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Гүлмира Смағулова, Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азамат Сүлейменов болды. Кездесуді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Азамат Даненбаев жүргізді.

Семинарға 300-ден астам жеке кәсіпкерлер, ірі, орта және шағын бизнес өкілдері қатысты.


Жаныбек Нұржановтың айтуынша, жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіру жүйесін түбегейлі жеңілдетуге бағытталған.

«Салықтық әкімшілендірудің тәсілдері түбегейлі өзгереді. Біріншіден, камералдық тексерулер енді жазалаушы емес, ескерту сипатында болады. Екіншіден, берешекті өндіру, төлемдерге кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері айтарлықтай жеңілдетіледі. Үшіншіден, берешек сомасы аз болған жағдайда МКК кәсіпкерлердің шоттарын автоматты түрде бұғаттамайды. Оның орнына кезең-кезеңімен ескерту және әрекет ету жүйесі енгізіледі, бұл кәсіпкерлерге бұзушылықтарды дер кезінде жоюға мүмкіндік береді», – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов.


Сонымен қатар микробизнес үшін арнайы салық режимдері сақталады, жекелеген қызмет түрлері бойынша салықтық жүктеме толығымен жойылады, ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін ҚҚС-тан босату шегі 70%-дан 80%-ға дейін ұлғаяды. Есеп тапсыру тәртібі де жеңілдетілді – енді бірнеше нысанның орнына бірыңғай жиынтық есептілікті өткізуге болады.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге салық салу саласындағы негізгі өзгерістер таныстырылды: сервистік әкімшілендіру моделін енгізу, камералдық тексерулердің ескерту форматына көшу, берешек аз болғанда шоттарды автоматты бұғаттаудан бас тарту, кейінге қалдыру мен бөліп төлеу рәсімдерін жеңілдету. Сондай-ақ инвестицияларды ынталандыру шаралары, корпоративтік және жеке табысқа салық салудың ерекшеліктері, салықтық жіктеудің жаңартылған тәсілдері талқыланды.

Құжат 2026 жылғы қаңтардан бастап күшіне енеді. Осы уақытқа дейін мемлекеттік органдар өңірлерде кәсіпкерлердің жаңа талаптарға біртіндеп бейімделуі үшін түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Бизнес өкілдеріне сұрақтар қоюға, даулы мәселелерді талқылауға, ұсыныстар айтуға мүмкіндік берілді.

«Салық нормаларындағы өзгерістер мұқият зерделеуді ғана емес, толыққанды түсіндіруді де талап етеді. Біздің міндетіміз – жаңа ережелерді түсінуде олқылықтарға жол бермеу, бизнеске тыныш, заңды және тиімді жұмыс істеуге жағдай жасау», – деді кездесу модераторы Азамат Даненбаев.

Ол сондай-ақ алдағы уақытта Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы мен Мемлекеттік кірістер департаменті бірлесіп облыстың барлық аудандарында түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін атап өтті.

Тікелей эфир жазбасы: https://www.facebook.com/share/v/16nvUEHR4i/?mibextid=wwXIfr


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174