Бизнес үшін салықтық есептілік нысандары 30 пайызға қысқартылды – Павлодар облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы
Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, Торайғыров университетінде Қазақстанның жаңа Салық кодексін түсіндіру мақсатында бизнеске арналған семинар ұйымдастырды. Семинардың модераторы - өңірлік палата директорының міндетін атқарушы Жомарт Сембаев болды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов, МКК өкілдері, облыстық мемлекеттік органдар мен өңірлік бизнестің басшылары қатысты.
Кәсіпкерлерге құжаттағы негізгі жаңалықтар мен өзгерістер түсіндірілді. Атап айтқанда, сот істері жағдайындағы талап қою мерзімдерінің өзгеруі, электронды шот-фактуралар бойынша үзінділерді тоқтата тұру жағдайлары, тәуекелдерді басқару жүйесі, бизнес субъектілерінің тіркеу есебі, сондай-ақ салықтық әкімшілендіру мәселелері қаралды.
Қазақстанның жаңартылған Салық кодексі 2026 жылдың қаңтар айынан бастап есептілік нысандарының 30 пайызға қысқаруын қарастырады, – деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары. Атап айтқанда: жер салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебін және мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебін (салық сомасы 1 миллион теңгеден кем болмаған жағдайда) жою, арнайы салық режиміне арналған декларация мен қосылған құн салығы бойынша декларацияны алдын ала толтыру енгізіледі.
Сондай-ақ, белгіленген мерзімде салық есептілігін тапсырмау – нөлдік көрсеткіштермен тапсырылған есептілікпен теңестіріледі; салық есептілігін тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталады. Оңайлатылған декларация (ШОБ үшін) бойынша ФНО ұсыну мерзімін ұзарту және салық есептілігін қайтарып алу жойылады – барлық өзгерістер қосымша декларация арқылы енгізілетін болады.
Кездесу барысында ҚҚС қайтару механизмі, салық төлеушілерге берілетін бөліп төлеу мен кейінге қалдыру ережелері, камералдық бақылау түсіндірілді. Енді бұл бақылау бұзушылықтарды анықтауға емес, сәйкессіздіктерді іздеуге бағытталып отыр. Оның мақсаты – салық төлеушіге салық міндеттемелерін (салықтар мен бюджетке төлемдер бойынша) өз бетінше түзету құқығын беру. Сонымен қатар, салықтық тексерулер, салық берешегін мәжбүрлеп өндіру және басқа да маңызды тақырыптар қозғалды. Іс-шараға 500-ден астам бизнес өкілі қатысып, салық саласына қатысты 60-тан астам сұрақ қойды. Олардың арасында Қазақстан құрылысшылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының өнеркәсіп, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалық кеңесінің төрағасы, Кәсіпкерлердің өңірлік палатасының аймақтық кеңесінің мүшесі Думан Токашев та болды.
«Жаңа кодексті түсіндіру – өте орынды және уақтылы шара. Себебі кәсіпкерлерге 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнес-процестерін қалай құру керектігін түсіну қажет. Бұл кезең – кәсіпорындардың серіктестерімен, жеткізушілерімен және ұзақмерзімді жұмыс істеп келе жатқан компаниялармен өзара іс-қимылын қайта қарастырып, алдағы үш-бес жылға дұрыс бизнес-модельді таңдап алу үшін мүмкіндік», – деп атап өтті Думан Токашев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: