«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Көкшетауда «Бір ауыл - бір өнім» атты дәстүрлі көрме өтті

2025 жылғы 10 Шілде
- Ақмола облысы
400 просмотров

Көкшетауда «Бір ауыл - бір өнім» жобасының жартылай финалистері анықталды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, бизнес-қоғамдастық, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, «Бір ауыл - бір өнім» өңірде бірегей өнім іздеуге, жергілікті тауарлар мен қызметтер өндірісін дамытуға, жергілікті шикізатты пайдаланатын өндірушілер бірлестіктерін құруға бағытталған жоба. Көрмеге Көкшетау, Қосшы, Степногорск, Атбасар, Ақкөл, Астрахан, Бурабай, Бұланды, Жақсы, Целиноград аудандарынан 50-ге жуық қатысушы өз өнімдерін ұсынды. Қатысушылар нан-тоқаш, ет-сүт, сабын, қолөнер, жұмсақ ірімшіктер, жартылай фабрикаттар, зергерлік бұйымдар, кәдесыйлар, қолөнер мен тоқыма бұйымдарын және тағы басқа да әртүрлі өнімдерін ұсынды.

«Бір ауыл - бір өнім» - бұл тамаша бағдарлама, жақсы дәстүр, ол жыл сайын табысқа жетуге бел буған ауылдық елді мекендердің тұрғындарын жинап, айналасындағыларға бірінші дәрежелі өнім шығара алатынын дәлелдейді. Ақмола облысы әрдайым экологиялық таза тауарлармен, сапалы қызметтермен ерекшеленеді. Өзге өңірлерге қарағанда Елорданың жақын орналасуы маңызды рөл атқарады, бұл оларды ілгерілету үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бүгін де өткен жылдардағыдай, көрмеде лайықты жобалар ұсынылғанын атап өткен жөн. Әрине, ең мықтысы жеңеді, алайда, әркімнің қатысуы алдағы күндерде де жеңіс әкеледі» , - деп атап өтті Ернар Жаркешов.

Қосшы қаласының кәсіпкері Әлия Қалиасқарова 2019 жылдан бері өзі өндіріп келе жатқан киізден жасалған бұйымдарын таныстырды.


«Біз ұлттық нақыштармен өрнектелген кілем-сырмақты сақтаумен, оларды жаңғыртумен айналысамыз. Кілемдер жүз пайыз жүннен жасалған, бәрі қолмен жасалған, бұрынғыдай машинамен тігу қолданылмайды. Біздің кілемдердің шамамен тоқсан пайызы кәдесый ретінде шетелге шығарылады», - дейді қолөнерші.


Көкшетау қаласының тұрғыны Гүлжан Нұрышева бір жылдан астам уақыт бойы тәтті өнімдер шығарумен айналысады. Ол коспа, құрт, жент қосылған шоколадты қолмен жасайды. Өнімдердің ерекшелігі сол түпнұсқа қаптамада қапталады және оның дизайнын кәсіпкердің өзі жасаған.

Ақкөл ауданынан Андрей Гордиенко ағымдағы жылдың қаңтар айында сүт өнімдерін өндіруге рұқсат алды. Көрмеде ол әртүрлі жеміс-жидек толтырғыштары бар ірімшіктер, үй майы, қаймақ, кілегей, айран, құрт түрлерін ұсынды. Барлығы 25-ке жуық сүт өнімдерін ұсынды. Кәсіпкер шикізатты жергілікті фермерлерден сатып алады. Өнімдер Елорда, Қарағанды, Степногорск, Щучинск және тағы басқа қалалардың базарларына жеткізіледі.

Көрме барысында жобаларды «Атамекен» ҚР ҰКП, Өңірлік палата, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кірген жұмыс тобы бағалады. Қорытындысы бойынша алдағы кезеңдерге қатысу үшін он жоба іріктелді.

 

«Кейін он жартылай финалист өз жобаларын бренд-Комитет алдында қорғайтын болады. Оны бағалау нәтижелері бойынша «Бір ауыл - бір өнім» жобасының үш финалисті сайланады, олар өз кезегінде біздің облыстың өнімдерін республикалық көрмеге ұсынады. Жеңімпаздар 5 миллион теңгеге дейін грант алу үшін конкурстарға қатыса алады. Жалпы, көрме кәсіпкерлік әлеуетті арттыруға, бизнес пен кәсіпкерлердің дағдыларын дамытуға бағытталған», - деп атап өтті Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

 


 


 


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер