«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарағанды облысында жұмысшы кадрларды даярлаудың үздіктері анықталды

2025 жылғы 10 Шілде
- Қарағанды облысы
512 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жарияланған Еңбек мамандықтары жылы аясында өткізілетін республикалық «Кәсіби маман» байқауының өңірлік кезеңі өз мәресіне жетті. Аймақтағы байқаудың ұйымдастырушысы – Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы.

Байқауға білікті кадрларды даярлау ісінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген колледждер, кәсіпорындар мен өндірістік тәлімгерлерден барлығы 10 өтінім қабылданды. Жеңімпаздар 9 шілде күні Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисовтың төрағалығымен өткен өңірлік комиссия отырысында анықталды.

«Өндірістегі үздік тәлімгер» номинациясында жеңіс ТОО «Maker» компаниясының өкілі Александр Исуповқа бұйырды. Ол ондаған жас маманға жол көрсетіп, кәсіби тәлімгерліктің үлгісін көрсетті.

«Кадр даярлауға қатысушы үздік кәсіпорын» ретінде ТОО «Maker» (Қарағанды құйма-механикалық зауыты) танылды. Кәсіпорын дуалды оқытуды белсенді енгізіп, колледждермен және техникалық оқу орындарымен тұрақты әріптестік орнатқан.

«Кәсіпорын серіктесі – үздік колледж» номинациясында Қарағанды жоғары политехникалық колледжі жеңімпаз атанды. Колледж өндірістік ұйымдармен интеграцияны дамытып, студенттердің кәсіби құзыреттерін жетілдіруге ерекше көңіл бөледі.

Барлық жеңімпаздар алдағы күзде Астанада өтетін байқаудың республикалық кезеңінде Қарағанды облысының намысын қорғайды.

Өңірлік комиссия төрағасы Ернар Күлпейісов айтуынша, «Кәсіби маман» байқауы кадрларды даярлау сапасының артуына және бизнес пен білім беру арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді.

«Бүгінгі таңда тәжірибеге негізделген оқыту моделін дамыту — аса маңызды. Байқауға қатысқан барлық үміткерлерге алғысымызды білдіреміз. Жеңімпаздарымыз республикалық деңгейде өңір атын абыроймен таныстырады деп сенеміз», — деді Ернар Дауылұлы.

Қазіргі таңда Қарағанды облысында дуалды оқыту жүйесі қарқынды дамып келеді. Бүгінде бұл жүйеге 39 колледж, 828 кәсіпорын, 289 сертификатталған тәлімгер қатысады. 5 мыңнан астам студент дуалды форматта білім алуда. Бұл — жұмысшы мамандарды даярлаудың тиімді жолы ретінде өзін толықтай дәлелдеген жүйе.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер