«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тіркелім істен шықты — кәсіпкерлер табыстан қағылды

2025 жылғы 23 Маусым
- Астана қаласы
354 просмотров

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының алаңында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде қазақстандық кәсіпкерлерге кедергі келтіріп отырған жүйелі мәселе – мемлекеттік сатып алулар порталындағы кәсіпкерлік субъектілерінің Тіркелімі жұмыс істемей тұрғанына байланысты туындайтын әкімшілік тосқауыл талқыланды.

Мемлекеттік сатып алулар ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосатын маңызды құрал болып табылады. Бұл – шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді тетігі ғана емес, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу, салық түсімдерін ұлғайту және жұмыспен қамтуды арттырудың көзі. Мемлекеттік сатып алулар жүйесі кәсіпкерлерге ірі келісімшарттарға қатысуға мүмкіндік беріп, олардың қызметін кеңейтуіне, өндірісті ұлғайтуына және нарықтағы орнын нығайтуына жол ашады. Уәкілетті органдардың деректеріне сәйкес, жыл сайын реттелетін сатып алуларға шамамен 200 мың кәсіпкер қатысады. Бұл – жалпы кәсіпкерлік субъектілерінің елеулі бөлігі, сондықтан сатып алу жүйесіндегі кез келген ақау бүкіл ел бойынша мыңдаған компанияларға теріс әсерін тигізеді.

Мұндай жүйелік іркілістерден ең алдымен жаңадан құрылған компаниялар зардап шегуде. Stat.gov.kz ресми сайтының мәліметінше, ағымдағы жылдың мамыр айында елімізде 2300-ден астам заңды тұлға және көптеген жеке кәсіпкер тіркелген. Олардың барлығы мемлекеттік сатып алуға қатысуға әлеуетті үміткерлер болып табылады. Алайда техникалық ақауға байланысты бұл компаниялар өз кәсіпкерлік қызметін толыққанды бастай алмай отыр.

Сәуір айының соңынан бастап кәсіпкерлік субъектілері тізілімі – кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы мәліметтерді қамтитын және мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін қажет электрондық база – жұмысын тоқтатты. Соның салдарынан 2025 жылғы 29 сәуірден кейін өз компанияларын тіркеген кәсіпкерлер табыс табудың негізгі арналарының бірінен қағылды.

Осы мәселеге байланысты Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасына «BIG BASTAU» ЖШС жүгінді. Компания бір айдан астам уақыттан бері өздері қызығушылық танытқан конкурстарға қатысу үшін өтінім бере алмай отыр. Бұл жағдай олардың қаржылық жағдайына кері әсер етіп, даму жоспарларын бұзуда. Бұдан да бөлек, бұл – жекелеген жағдай емес. Ұқсас шағымдар еліміздің басқа өңірлеріндегі өңірлік кәсіпкерлер палаталарына да келіп түскен. Мысалы, Қызылорда облысында осындай үш жағдай тіркелген.

Кеңес отырысы барысында Палата мамандары жағдайға сараптамалық талдау жүргізді. Тіркелімді жүргізу ҚР Ұлттық экономика министрлігінің құзыретіне кіретіні анықталды. Алайда 29 сәуірден бастап жүйе жұмыс істемей тұр, әрі оны қалпына келтіру мерзімдері әлі күнге дейін жарияланған жоқ. Бұл жағдай бизнес қауымдастығында орынды алаңдаушылық тудыруда.

Кәсіпкерлер палатасы тиісті уәкілетті органдарға ресми хаттар жолдады. Атап айтқанда, прокуратура органдарына прокурорлық ықпал ету шараларын қабылдау туралы өтінішпен хат жолданды. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне және «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-ға тиісті сұрау хаттар мен өтініштер жіберілді. Одан әрі мән-жайды анықтау барысында реестр жұмысына қатысты келіп түсетін шағымдарды мемлекеттік органдардың ешқайсысы тіркеп, есепке алмайтыны белгілі болды.

Осы жағдайдың өткірлігін және уәкілетті органдар тарапынан нақты шешімдердің жоқтығын ескере отырып, Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің күн тәртібіне шығаруға шешім қабылдады.

Отырыста бизнес қауымдастығы жауап күтетін негізгі сұрақтар тұжырымдалды: Неліктен Тіркелім жұмысын тоқтатты? Қашан оның жұмысы қалпына келтіріледі? Мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін қандай шаралар қабылданады? Жауапты тұлғалар қандай жауапкершілікке тартылады?

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар тиісті органдарға жолданатын нақты ұсынымдар қабылдады. Астана қаласының прокуратурасына кәсіпкерлер ұсынған дәлелдерді мұқият зерделеу және негіз болған жағдайда жауапты тұлғаларға қатысты тәртіптік жауапкершілікке дейінгі прокурорлық шараларды қарастыру ұсынылды. Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне қолданыстағы заңнама аясында тексеріс жүргізу ұсынылды. ҚР Ұлттық экономика министрлігіне Тіркелімнің жұмысын мүмкіндігінше тез арада қалпына келтіріп, оның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету ұсынылды. «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-на кәсіпкерлерден келіп түскен шағымдарды есепке алу және талдау жүйесін енгізіп, анықталған ақауларды жою бойынша жұмыс жүргізу ұсынылды. Өз кезегінде, Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы қалыптасқан жағдайдан зардап шеккен кәсіпкерлерге консультациялық-құқықтық көмек көрсетуді жалғастырады.

Кеңес отырысы мұндай жүйелі мәселелерді шешуде ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен жүйелі тәсілдің маңыздылығын көрсетті. Мемлекеттік органдар тарапынан жедел әрі жауапты әрекет болған жағдайда ғана кәсіпкерлердің сенімін қалпына келтіріп, елдегі бизнес дамуына тұрақты жағдай жасау мүмкін болады.
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер