«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Түркістанда «Бизнес және инвестицияны қорғау» форумы өтті

2025 жылғы 12 Маусым
- Түркістан облысы
584 просмотров

Бүгін Түркістан облысының прокуратурасы мен Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бизнес және инвестицияны қорғау» атты форум өтті. Шараның мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, өңірдегі бизнеске кедергі келтіретін жүйелі мәселелерді анықтап, уәкілетті органдармен бірлесіп шешу жолдарын табу болды.

Форумға құқық қорғау және бақылаушы мемлекеттік органдардың, облыстық басқармалардың 40-тан астам мекеме өкілдері және 100-ге жуық кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты. Олардың қатарында Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, сондай-ақ облыстық прокуратура, Полиция департаменті, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Экология департаменті, Энергетика, Кәсіпкерлік, Табиғи ресурстар, Жер қатынастары басқармалары мен қала/аудан әкімдіктері бар.

Форум барысында кәсіпкерлер өзекті мәселелерді көтерді: 

1. ЖК «Н.Шагиров»
Кәсіпкер балық шаруашылығына алған жерге қатысты құжаттың архивте болмауына байланысты сотта дау туындап отыр. Жердің мақсатты пайдаланылуын Арнайы комиссия арқылы анықтау ұсынылады.

2. «Ideal Turkestan» ЖШС
Жиһаз өндірісімен айналысатын кәсіпорын электр қуатының жеткіліксіздігі мен тұрақсыздығына байланысты өндірісті кеңейте алмай отыр. Электр қуатын 1200 кВт-қа арттыру қажет.

3. «СТРОЙСЕРВИС» ЖШС
Кәсіпорын экологиялық төтенше аймақта орналасуына байланысты жұмысын жалғастыра алмай отыр. Егер өндіріс рұқсат етілсе – жер құжаттарын заңдастыру, рұқсат берілмесе – шығынды өтеу сұралады.

4. «ЕРСҰЛТАН АГРО» ЖШС және 28 кәсіпкер
Заң бұзушылық негізінде берілген ауылшаруашылық жерлерге қатысты сот шешімімен келісімшарттар жарамсыз деп танылды. Кәсіпкерлердің шығыны көп, жұмыспен қамтылғандар бар. Арнайы комиссия шешіміне сүйеніп, сот шешімдеріне апелляциялық наразылық білдіру сұралады.

5. «Astana Railway Services» ЖШС
Арыс вагон жөндеу депосы маңындағы жол белгісі жүк көліктерінің қозғалысына кедергі келтіруде. Жол белгісін алып тастау немесе жүк көліктеріне тұрақты рұқсат беру сұралады.

6. «Кентау Полиметалл» ЖШС
Өңделген рудалардан металл алу үшін уақытша қалдық қоймасы қажет. Ұсынылған 6 орын санитарлық талаптарға сай келмейді. Жақын маңда уақытша сақтау орнына рұқсат беру сұралады.

7. «Түркістан көпсалалы жоғары медицина колледжі» ЖШС
Жеке меншік болғаны үшін колледжге мемлекеттік грант берілмей отыр. «Мейіргер ісі», «Массажист», «Әлеуметтік жұмыс» мамандықтарына грант бөлу және мемлекеттік колледждермен тең дәрежеде қарастыру сұралады.

Форум өңірдегі бизнесті дамытуға бағытталған идеялармен, стратегиялармен, инвестицияларды тарту тәсілдерімен алмасу алаңына айналды. 

Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов:
«Бүгін өтіп жатқан «Бизнесті және инвестицияны қорғау» форумы – кәсіпкерлік саласындағы реформаларды түсіндіру мен бизнес мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаң. Мемлекет басшысы әділ және бәсекелі экономика құру, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту мен бизнесті қолдауды басты міндет етіп қойды. Осы бағытта біз де Өңірлік кеңес аясында 2023–2024 жылдары 58 мәселенің жартысына жуығын шешуге ықпал еттік, қалғанын бақылауға алдық. Биыл жеке қабылдау форматында аудандарды аралап, кәсіпкерлердің инфрақұрылым, құжат айналымы, қысым көрсетуге қатысты мәселелерін тыңдадық. Бұл сұрақтардың бәрі бақылауда. Президент атап өткендей, жазалау емес, қолдау арқылы бизнесті дамыту – басты мақсат. Біз алдағы уақытта да барлық аудандарға барып, кәсіпкерлердің мәселелерін жеке қарап, шешу жолында жұмыс істей береміз деп сенемін», – деп атап өтті.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев:
«Форум – кәсіпкерлердің даусын естіртетін маңызды алаң. Біз бизнеске әкімшілік кедергілерді азайтуға, олардың мәселелерін тікелей құзырлы органдармен бірлесе шешуге мүдделіміз. Бүгінгі кездесуде көтерілген сұрақтар – өңірлік кәсіпкерліктің нақты жағдайын көрсетеді. Әрбір мәселе Палатаның тұрақты бақылауында болады», – деп атап өтті.

“2024–2025 жылдың 5 айында Палатаға 262 өтініш түсіп, 4,7 млрд теңгеге кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалды. Сотта 57 іске қатысып, 26-сы кәсіпкер пайдасына шешілді. Кеңесте қаралған 34 мәселе бойынша 191 ұсыныстың 78%-ы орындалды. «Бизнеске жол» жобасы аясында 30 отырыста 55 мәселе талқыланып, 19-ы оң шешімін тапты. 16 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 3,1 трлн теңгені құрайтын 131 инвестициялық жоба тіркеліп, 13 проблема анықталды. Электр мен газ қуаттылығы туралы ашық ақпараттың болмауы кәсіпкерлікті тежейді. Сондықтан «Қуаттылық картасын» әзірлеу ұсынылады. Жер және инфрақұрылым деректерінің ашық еместігі де өзекті мәселе. Мұндай ашықтық — бизнесті жоспарлау мен жемқорлықты азайтуда маңызды», – деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова.

Айта кетейік, Түркістан облысының прокуратурасы 2025 жылы «Инвест-Караван 2025» іс-шарасы акция шеңберінде 3 көшпелі кездесу өткізіліп, 26 инвестормен тікелей сұхбат жүргізілді. Сондай-ақ 6 инвесторға қатысты заңсыз шешімдер қабылданғанын анықтап, оларға қатысты тіркелген әкімшілік істердің күштері жойылды, 4 инвесторға қатысты уәкілетті органдардың негізсіз тексерулері тоқтатылды. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 5 айында 216 жеке кәсіпкердің және 6 инвестордың құқықтары қорғалып, жалпы сомасы 79,7 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба бойынша кейстер шешілді. 

Форум қорытындысы бойынша кәсіпкерлер көтерген мәселелер бақылауға алынып, әрбір мәселе бойынша нақты уәкілетті орган жауапты болып бекітілді.
Бұл бастама кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауға және мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы сенімді арттыруға бағытталған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер