«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бастамадан нәтижеге дейін: Астанадағы әйелдер кәсіпкерлігі

2025 жылғы 27 Мамыр
- Астана қаласы
671 просмотров

Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі орнықты экономикалық өсудің маңызды бағытына айналуда. 2024 жылдың желтоқсан айында Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанынан Ісбасар әйелдерден құралған Салааралық іскер әйелдер кеңесі құрылды. Бұл – бизнестегі әйелдердің мүдделерін ілгерілетуге, шешімдер әзірлеуге және нақты бастамаларды іске асыруға бағытталған белсенді және бастамашыл кәсіпкер әйелдерді біріктіретін алаң.

Кеңес отырысында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы қызметтің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі бағыттар белгіленді, сондай-ақ қолдау шараларын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қаралды. Қатысушылар қысқа уақыт ішінде нақты нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті — серіктестік желісі кеңейіп, мемлекеттік органдармен жүйелі өзара іс-қимыл орнатылып, әйел-кәсіпкерлердің өзекті сұраныстарына жауап беретін жобалар жүзеге асырылды.

«Кеңес өткен жылдың желтоқсанында құрылса да, осы аз уақыттың ішінде көптеген іс-шаралар мен бастамалар жүзеге асты. Бұл — мемлекеттік органдармен, даму институттарымен және кәсіпкер әйелдермен бірлескен жұмыстың нәтижесі», — деп атап өтті Кеңес төрайымы Сания Ирсалиева.

Алты ай ішінде Салааралық кеңес әйелдер кәсіпкерлігін күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды жобаларды іске асырды. Солардың бірі — мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткен бірлескен отырыс. Онда мемлекеттік қолдау шаралары, қаржыландыруға қолжетімділік, ұлттық бағдарламаларға қатысу және әйелдердің іскерлік сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланды.

Маңызды іс-шаралардың бірі — «Болашақты қолмен қалыптастыру: жұмысшы мамандықтардағы әйелдер» форумы болды. Оның мақсаты — кәсіби мүмкіндіктерді кеңейту және өндірістік салаларда әйелдердің жаңа мүмкіндіктерін насихаттау. Форум аясында кәсіби бағдар беру, біліктілік пен орнықты жұмыспен қамту тақырыптарына ерекше назар аударылды.

Жартыжылдық ішінде сондай-ақ «QazInnovations» АҚ, Мемлекеттік басқару академиясының Жоғары экономика мектебі және «Отбасы банкімен» бірлескен семинар өтті. Кездесу барысында цифрландыру, кәсіпкерліктегі инновациялық құралдар және әйел-стартапшыларды қолдау мәселелері талқыланды. Қатысушылар жаңа экономикалық жағдайда бизнесті бастау мен кеңейту бойынша практикалық ұсынымдар алды.

Кеңес ағартушылық бағытты да белсенді түрде дамытуды жалғастыруда. Кәсіпкерлікті басқарудың цифрлық құралдары бойынша оқыту сессиялары мен әйелдердің денсаулығына арналған семинар өткізілді. Бұл тақырып — кәсіпкерлік қызметтің тұрақтылығы тұрғысынан маңызды аспект ретінде қаралды.

Салааралық іскер әйелдер кеңесі бизнестегі әйелдердің мүдделерін қорғау, олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және экономика мен қоғамның дамуына үлес қоса алатын жаңа буын әйел-көшбасшыларын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер