«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарағанды облысының кәсіпкерлері «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысуға дайындалуда

2025 жылғы 22 Мамыр
- Қарағанды облысы
400 просмотров

Қарағанды облысында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысуға белсенді дайындық жүріп жатыр.

Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасында осы байқауларға қатысуға ниетті бизнес өкілдеріне арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараға ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардан бастап шағын және орта бизнес субъектілеріне дейінгі шамамен 30 қатысушы жиналды.

Семинар барысында қатысушыларға байқаулардың өткізу тәртібі мен ережелері ғана емес, сонымен қатар сапа саласындағы халықаралық байқаулар туралы да ақпарат берілді. «Мүмкіндіктер» мен «Нәтижелер» критерийлерінің мәні түсіндіріліп, кәсіпорынды өзін-өзі бағалау әдістемесі мен жаңа енгізілімдер таныстырылды. Лектор ретінде Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы, «Алтын сапа» және ТМД елдері сапа саласындағы сыйлығының асессоры Татьяна Юн сөз сөйледі.

Ол байқауға өтінім беру тәртібі, бағалау әдістемесі және негізгі критерийлер бойынша толық ақпарат берді. Атап өтілгендей, «Алтын сапа» байқауы кәсіпорын деңгейіндегі сапа менеджменті жүйесін бағалауға бағытталған, ал «Қазақстанның үздік тауары» байқауы нақты өнімдер мен тауарлардың сапасына мән береді. Семинар барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Қатысушыларға өтінім дайындау бойынша практикалық ұсыныстар беріліп, байқау материалдарын ұсыну форматы мен техникалық ерекшеліктері талқыланды. Оқыту гибридті форматта өтті, бұл шалғай аудандардағы кәсіпкерлерге де қатысуға мүмкіндік берді.

Семинар қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға оқыту курсынан өткенін және байқауларға қатысуға дайындығын растайтын сертификаттар табысталды.

Естеріңізге саламыз, «Алтын сапа» байқауына өтінімдер 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданады. «Қазақстанның үздік тауары» байқауына өтінім қабылдау мерзімі де — 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін.

Өтінімдерді www.altynsapa.kz ресми сайты арқылы электронды түрде немесе келесі мекенжай бойынша қағаз түрінде тапсыруға болады: Қарағанды қаласы, Тәттімбет көшесі, 709-үй, Мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығы, 2-қабат, 204-кабинет (Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен»).

Өтінімдер бойынша жауапты тұлға — Татьяна Леонидовна, байланыс нөмірі: +7 775 478 9481.

Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы өңір кәсіпкерлерін байқауға белсенді қатысуға шақырады. Бұл — тек республикалық деңгейде өзіңізді көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар өнім сапасын арттырып, жаңа нарықтарға шығуға жол ашатын тиімді құрал.

Өңірлік кезеңнің нақты өткізу күні қосымша Палатаның ресми сайтында және әлеуметтік желілерде хабарланады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер