«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Германия мамандары дуалды білімділіктің қазақстандық үлгісін жоғары бағалады

2025 жылғы 21 Мамыр
1024 просмотров

Астанада дуальды оқытуды дамытуға арналған Қазақстан мен Германия өкілдерінің кездесуі өтті. Қазақстан тарапынан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «KAZENERGY» және «Шаңырақ» бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Германия тарапынан Федералдық Білім және зерттеулер министрлігі, GOVET/BIBB кәсіптік білім беру және оқытудағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс агенттігі және DLR Жобаларды басқару Агенттігінің өкілдері келді.

Кездесу барысында дуальды білім беру саласындағы негізгі жетістіктер мен ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләзат Шонаева атап өткендей, Германиямен ынтымақтастық жылдарында, оның ішінде Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ) және Трир Қолөнер палатасымен жобалар аясында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Дуальды оқытудың нормативтік-құқықтық базасы әзірленді. Ең алдымен дуальды оқытуды енгізу ережелері әзірленіп, бекітіліп, тәлімгерлік жүйесі енгізілді.

 Бүгінде еліміздегі кәсіпорындар 460 колледжбен дуальді білім беру бойынша 9400-ден астам келісім-шарт жасасқан. Өңірлік кәсіпкерлер палаталары жанынан 20 тәлімгерлік мектеп ашылып, 3 мыңнан астам тәлімгер оқытылды. Осылайша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының белсенді атсалысуымен дуальды оқытудан кейін студенттердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 80 пайыздан асады.

Мұнай-газ саласында дуальды оқыту ерекшеліктерді – ауысым әдісі мен қауіпсіздік талаптарын ескере отырып жүзеге асырылуда. Бұл туралы «KAZENERGY» қауымдастығының адами капиталды дамыту жөніндегі атқарушы директоры Ләззат Ахмурзина хабарлады.

Өз кезегінде «Шаңырақ» тұрғын үй кешенін басқару субъектілері Қауымдастығының директоры Сәкен Махамбетов неміс үлгісі негізінде әзірленген және қазақстандық жағдайға бейімделген жаңа «housemaster» мамандығын құрудағы тәжірибесімен бөлісті.

Германия мемлекеттік және кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы сарапшылық институттарының өкілдері Қазақстанның дуальды білім беруді дамытудағы күш-жігерін жоғары бағалады.

Германияның GOVET/BIBB халықаралық ынтымақтастық бюросының өкілі Ханнелоре Кресс Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жүйелік шешімдерге қызығушылықты атап өтті және халықаралық ынтымақтастық аясында одан әрі тәжірибе алмасуға дайын екенін білдірді.

Әртүрлі секторларға, соның ішінде техникалық, инженерлік және медициналық мамандықтарға қол жеткізудің маңыздылығы туралы пікірталаста DLR-ден Рамона Нойз білім беру үдерісіндегі салалық бірлестіктердің маңызды рөліне назар аударды.

Германияның Федералдық білім және зерттеу министрлігі атынан келген Александр Хохрадель дуальды жүйеге бизнеске қатысудың маңыздылығын атап өтіп, ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді.

Германияның Федералдық білім және зерттеу министрлігі атынан келген Александр Хохрадель дуальды жүйеге бизнеске қатысудың маңыздылығы жайында айтып, ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді. Ол қазіргі кездесу екі елдің министрліктері, кәсіпорындары мен оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды ресімдеу жолындағы алғашқы қадам екенін атап өтті. Жақын арада барлық тараптардың мүдделерін көрсететін ұсыныстар пакетін дайындау, сондай-ақ, тұрақты серіктестіктің ресми негізін әзірлеу жоспарлануда.

Дуальды білім беру колледждер мен бизнес арасында берік байланыс орнатып, еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне жауап бере отырып, кадрлар даярлаудың ұлттық жүйесіндегі тұрақты интеграцияны көрсетеді.

Өндірістік дағдыларды берудің озық тәжірибесіне, ішкі басқаруды ұйымдастыруға, еңбекті қорғау мен еңбек тәртібі талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер