«Атамекен» ҰКП төрағасы мен Шымкент әкімі отандық өндірушілерді қолдау жайын талқылады
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов Шымкент қаласына жұмыс сапары кезінде қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен кездесіп, үшінші мегаполистегі бизнестің дамуы, инвестициялық климат туралы талқылады, жеке секторды дамыту бойынша пікір алмасты.
Кездесуде отандық өндірушілерді шикізатпен қамту, жеңілдетілген несие сияқты қаржылай қолдау тақырыптары сөз болды. Тараптар, сонымен қатар, қазақстандық компаниялар арасында оффтейк келісімшарттар түзудің де маңызы зор екеніне тоқталды.
Кездесуде, сонымен бірге, ҚР Жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Ольга Рыпаковамен бірге велоспорт пен жеңіл атлетиканы дамыту туралы сөз қозғалды. Әлемдік «Gran Fondo» шосселік велосайысын Шымкент қаласында өткізу мүмкіндігі қарастырылды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы, ҚР велоспорт Федерациясының президенті Райымбек Баталов пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бұдан кейін Шымкент қаласынан Өзбекстан Республикасына дейінгі велошерудің ресми ашылуына қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Райымбек Баталов келесі жылы бұл марафонды халықаралық дәрежеге жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.
«Жыл сайынғы дәстүрлі Шымкент-Ташкент веломарафонына қош келдіңіздер! Іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Шымкент қаласының әкімдігіне, Шымкент қалалық велоспорт федерациясына, демеушілерге алғыс айтамыз. Ал жиналған қаржының бір бөлігін балалар үйіне аударамыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін!»,– деді Райымбек Баталов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: