«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы іскерлік дипломатияны күшейтіп, фискалдық тұрақтылықты талап етуде

2025 жылғы 30 Сәуір
- Алматы қаласы
249 просмотров

Дереккөз: Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП

29 сәуірде Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының алаңында Өңірлік кеңестің отырысы өтті. Жиында салық заңнамасынан бастап экспорттық миссиялар мен іскерлік ахуалға дейінгі мегаполистегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қаралды. Кеңес жұмысына Кеңес мүшелері, кәсіпкерлік қауымдастық өкілдері және Палата басшылығы қатысты.

Жиынды алғы сөзбен ашқан Өңірлік кеңестің төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов күн тәртібін ортаға салды:

▪️ 2025 жылға арналған жұмыс жоспары
▪️ Салық заңнамасындағы өзгерістер
▪️ Халықаралық ынтымақтастық және экспорттық миссиялар
▪️ Іскерлік ахуалды жақсарту жөніндегі ұсыныстар

Бірінші мәселе бойынша негізгі баяндаманы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Шыңғысхан Маманов жасады.

«Біз кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға, сондай-ақ заңнамалық бастамаларға, әсіресе салық саласындағы бастамаларға белсенді қатысуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. 2025 жылдың алғашқы төрт айында ШОБ мүдделерін қорғау бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Биылғы жылға арналған жоспарға іскерлік бағдарламаларды кеңейту, цифрлық сервистерді енгізу және бизнеске аутрич-қолдау көрсету кіреді», – деді Шыңғысхан Маманов.

Салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер мәселесі ерекше қызу талқылауға түсті.

«Бүгінде бизнес салық жүктемесінің өсуімен қатар құқық қолдану практикасының тұрақсыздығына да алаңдаулы. ШОБ үшін фискалдық саясаттың ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету маңызды», – деп атап өтті Максим Барышев.

Өңірлік кеңес Салық кодексіне, атап айтқанда жеңілдетілген салық салу мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы ұсыныстарды Парламентке жолдау жөнінде шешім қабылдады.

Палата директорының орынбасары Әлібек Оразов Кеңес мүшелеріне халықаралық қызмет туралы есеп берді. Негізгі іс-шаралардың қатарында Сингапур мен Словениядан келген бизнес-миссиялармен өткен сәтті форумдар бар. Баяндаманың негізгі бөлігі 12 мамырда өтетін Дубай Сауда палатасындағы («Dubai Chambers») сауда миссиясына арналды.

Кеңес төрағасы Шокановтың ұсынысы бойынша жылына кемінде үш шетелдік бизнес-миссия өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл бастаманы қатысушылар бірауыздан қолдады.

Алматыдағы іскерлік ахуалды дамыту бойынша диалог аясында Кеңес мүшесі Вячеслав Покусов мегаполис экономикасына бизнестің нақты қосқан үлесін бағалау тәсілдерін қайта қарау қажет екенін айтты. Яғни, шағын және орта бизнестің өсу нүктелерін анықтап, олар үшін тиімді қолдау шараларын әзірлеу керек.

Сондай-ақ импортты алмастыру және экспорт тақырыптары көтерілді: Кеңес мүшелері сыртқы сауда қызметіне қатысты талдауды күшейту қажеттігін атап, бұл Алматыда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді құру үшін әлеуетті тауашаларды анықтауға мүмкіндік беретінің айтты.

Кездесу соңында Өңірлік кеңес төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов алдағы жұмысқа нақты күн тәртібі қалыптастырылғанын атап өтті.

«Алматы бизнесі белсенді және өзгерістерге мүдделі екенін атап өткім келеді. Ең бастысы – бір-бірімізбен және мемлекетпен диалог орнату. Кәсіпкерлер, салалар мен қауымдастықтар арасында көлденең байланыстарды қалыптастыру өте маңызды. Бизнес пен билік арасындағы өзара түсіністік ең алдымен кәсіпкерлік қауымдастықтың өз ішінде бірігуден басталады. Егер біз дауысымыз естілсін десек – бірауыздан талқыланған мәселелер мен қабылданған шешімдерді бірауыздан жеткізуіміз қажет», – деп қорытындылады Шоканов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер