Түлкібас: Шетелден шикізат жоқ – цемент зауыты толық қуатқа шыға алмай отыр
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасарларының жұмыс сапары Түлкібас ауданында жалғасын тапты. Өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі жобалармен танысу барысында өндірістік әлеует пен өзекті мәселелер талқыланды.
«Beibars Bottlers» ЖШС – ауыз су мен түрлі-түсті алкогольсіз сусындар өндіретін зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған соң аймақтың ішкі нарығын сапалы өніммен қамтып, экспорттық бағытты дамытуды жоспарлауда. Сапар барысында кәсіпорын өкілдерімен инфрақұрылым, техникалық рұқсаттар және жабдықтарды кедендік рәсімдеу сияқты бірнеше мәселелер талқыланды.
«Түлкібас Жеміс-Жидектері» СПК – қуаттылығы жылына 5 000 тонна болатын жеміс-жидектерді қайта өңдейтін цехтың құрылысы жүріп жатыр. Кооператив аудан аумағындағы бау-бақша өнімдерін тиімді өңдеп, нарыққа дайын өнім түрінде ұсынуды мақсат етеді. Алайда қазіргі таңда айналым қаражатын толықтыру қажеттілігі туындап отыр, бұл өндіріс процесін тұрақты жүргізу үшін маңызды.
«SAS-Tobe Technologies» ЖШС – цемент өндіретін зауыт. Жобаның жалпы құны – 8,3 млрд теңге. Қазіргі уақытта кәсіпорын өндірісті тұрақты жолға қою үшін шетелден шикізат жеткізу мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Бұл мәселе өндірістік қуатты толық пайдалану мүмкіндігін шектейді.
«Химиялық кешен Састөбе» ЖШС – каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді және әк-цемент өндіретін кешен. Бұл көп салалы өндіріс орны іске қосылған жағдайда, отандық химия өнеркәсібіне елеулі серпін бермек. Қазіргі таңда кәсіпорын шетелден қажетті шикізатты жеткізу жолдарын іздестіру үстінде.
«Viola» шаруа қожалығы – жылына 50 тонна балық өндіруге қауқарлы шағын балық шаруашылығы. Сапар барысында кәсіпорын өкілдері жер телімін рәсімдеу және кеңейту мәселелерін көтерді. Бұл жобаның дамуы үшін жер мәселесінің шешімі аса маңызды.
Кәсіпкерлер палатасы тарапынан барлық айтылған мәселелер тіркеліп, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешу жолдары қарастырылуда. Түлкібас ауданындағы жобалар – өңірдің өндірістік, аграрлық және экспорттық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды бастамалар.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: