Абай облысындағы бизнесті қолдау: Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі Кеңес дауларды шешуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға көмектеседі
Абай облысының кәсіпкерлері қолдауға ие болу үшін Абай облысының Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңесіне жүгіне алады. Бұл орган консультативтік алаң форматында жұмыс істейді және кәсіпкерлерге мемлекеттік құрылымдармен даулы мәселелерді шешуге көмектеседі. Өткен жылы Кеңес 12 отырыс өткізді, оның ішінде аудандық кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде 45 ұсыным берілді, олардың барлығы қолдау тапты. Бұл туралы және өзге де мәселелер бойынша Кеңес өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында баяндады.
Кеңес төрағасы Әділжан Сүттібаев кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен даулы мәселелерін шешу үшін Палатаға жүгіне алатынын атап өтті.
«Кәсіпкерлер арасындағы келіспеушіліктер тек сот тәртібінде шешіледі – Кеңес тек консультативтік қызмет атқарады. Кеңес екі жылдан бері жұмыс істеп келеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет етеді. Бұл кәсіпкер мен мемлекеттік органдар арасындағы көпір іспеттес, біз бизнес өкілдерінің естілуі мен өз мүдделерін қорғауы үшін барымызды саламыз», – деп атап өтті спикер.
Кеңес төрағасы кәсіпкерлермен 148 жеке кездесу өткізіп, олардың мәселелерін шешуге көмектесті.
«Кәсіпкерлерді өз қиындықтарын жасырып қалмай, қолдау сұрап жүгінуге шақырамыз. Кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болғанымен, біз Қазақстан Республикасының заңнамасына сүйене отырып, кәсіпкерлер үшін әділдікке қол жеткізіп, әкімшілік кедергілерді жоямыз. Кеңесте оң шешімін тапқан бірқатар мәселелерді атап өткім келеді. Біздің көмегімізбен 2019 жылы көтерме-бөлу орталығын салу жобасын жүзеге асырған "Жоламан" Сауда-логистикалық орталығы ЖШС көптеген жылдардан кейін жылжымайтын мүлік ретінде пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Кеңестің кезекті отырысында бөлшек салық бойынша арнайы салық режимінің мөлшерлемесін төмендету мәселесі оң шешілді. Бұл мәселемен Аягөз ауданының 18 кәсіпкері бізге жүгінді. Палата Аягөз ауданының әкімі мен аудандық мәслихат төрағасына бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету мүмкіндігі туралы негізделген хат жолдады. Нәтижесінде, салық мөлшерлемесі 2025 жылдан бастап 3%-ға дейін төмендетілді», – деп атап өтті Абай облысының Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің басшысы Шынар Сексембаева.
Спикер сонымен қатар Абай облысында Ресей мен Қытайға шығуға арналған шетелдік рұқсат бланкаларының жоқтығы мәселесі бойынша оң шешім қабылданғанын айтты. Бұл проблема тауарларды жеткізу мерзімінің бұзылуына, келісімшарт талаптарының орындалмауына және соның салдарынан айыппұл санкциялары мен кәсіпкерлердің қаржылық шығындарына алып келді. Кеңестің араласуынан кейін бұл мәселе бизнестің мүддесіне сай шешілді.
«Сонымен қатар, Кеңестің "Денсаулық" медициналық орталығы иесінің құқықтарын қорғау жөніндегі жемісті жұмысына ерекше тоқталғым келеді. 2024 жылдың 5 айы ішінде медициналық орталық 4-қабатты қосып салу мақсатында ғимаратты қайта құру үшін әкім қаулысын ала алмады. Ал Семей қаласы Абай облысы Архитектура және қала құрылысы бөлімінің әрекеттері кәсіпкерлік қызметті шектеуге, бизнес субъектісіне зиян келтіруге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыруға бағытталған. Кеңес кәсіпкерге барлық рұқсат құжаттарын беру мәселесін шешуге қатысты нақты ұсынымдар әзірледі. Нәтижесінде кәсіпкердің мәселесі оң шешілді. Осындай мысалдар өте көп. Жыл жемісті болды. Әрбір кәсіпкер Палатаға жүгінген жағдайда біздің қолдауымызға және көмегімізге сене алады», – деп атап өтті Шынар Сексембаева.
Айта кету керек, Кеңес құқық қорғау органдарымен – прокуратура, экономикалық тергеу департаменті, полиция және басқа да ведомстволармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Оның құрамына әр органнан бір өкіл кіреді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: