«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Салық реформалары денсаулық көрсеткіштерінің индексіне қауіп төндіреді

2025 жылғы 14 Ақпан
- Алматы қаласы
2085 просмотров

Дереккөз: Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП

Алматы қаласының өңірлік палатасының алаңында білім беру және денсаулық сақтау жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті.

Салалық кеңес мүшелерінің пікірінше денсаулық сақтау саласының кейбір бағыттары үшін 10 пайыз ҚҚС енгізу жабдықтардың, көрсетілетін қызметтердің құнын арттыруға әкеп соғады, ал сайып келгенде, халық денсаулығы көрсеткіштерінің индексіне әсер етеді.

«Тарифтер өседі. Қызмет алушылар азаяды. Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігі жарна мөлшерін ұлғайтуды  ұсынады. Бұның бәрі тегін кепілдендірілген медициналық көмек шеңберіндегі жүктемені арттырады, шұғыл көмек көлемі ұлғаяды, нәтижесінде денсаулық индексіне әсер етеді. Егер Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы ретіндегі өз позициясын бекіткісі келсе, онда денсаулық факторы өте маңызды рөл атқарады», - деп атап өтті салалық кеңестің төрағасы Эльмира Әуезова.

Ол сондай-ақ Кеңес мүшелеріне салық реформасын талқылау жөніндегі жұмыс тобына кіруді және ықтимал тәуекелдер бойынша барлық мәліметтерді жеткізуді ұсынды.

Кеңес жұмысы барысында жұмысшы мамандықтар жылы аясында жаңа жобаларды іске асыру туралы да айтылды.

«Кәсіптік оқу орындары базасында бизнес стартаптарды ілгерілетуде колледж оқушыларының жобаларының санын кеңейту қажет. Бұл техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау ережелеріне енгізілген. Сондай-ақ, Наурыз мейрамы қарсаңында біз қыздар арасында кәсіпкерлік дағдыларын дамыту бойынша «Бизнес – ханым» республикалық конкурс өткізуге ниеттіміз», - деді кеңес отырысында «Халықаралық Бизнес академиясының колледжі» ЖШС директоры Альфия Хисматуллина.

Кеңес ұсынылған бастамаларды қолдады. Келесі отырысқа дейін өз жұмысының өнімділігіне алдын ала талдау жүргізуге ниеттенді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер