«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҰКП маңызды келісімге қол қойды: Қазақстанда алғашқы орман экожүйесі іске қосылды

2024 жылғы 18 Қараша
850 просмотров

Бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қабырғасында Emission Removal Purchase Agreement (ERPA) Қазақстандағы алғашқы орман-климаттық жобаны іске асыру қорытындысы бойынша парниктік газдарды сіңіру жөніндегі келісімге қол қою рәсімі өтті. Рәсімге ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин қатысты. Іс-шараны «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов ашып, бұл күнді Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылуы деп атап өтті.

«Мұндай жобаларды іске асыру Қазақстанға тұрақты төмен көміртекті даму, климаттың өзгеруіне және жердің тозуына қарсы күрес мақсаттарына қол жеткізу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығында көміртекті офсеттік жобаларды іске асыру үшін де үлкен перспектива бар екенін атап өткім келеді. Қазақстандық аграршылар үшін бұл ESG қағидаттарына сәйкес келудің және жер өңдеудің нөлдік технологиясымен, органикалық көміртектің жинақталуының арқасында топырақ құнарлылығын қалпына келтірумен процестерді жүргізудің тағы бір мүмкіндігі», - деді Баталов.

Бастапқыда қазақстандық SAFC көміртегі жобасын әзірлеуші 1,5 мың гектар деградацияланған жерді жергілікті ағаш түрлерін пайдалана отырып қалпына келтіретін болады. Жоба шығарындыларды азайтуға және жергілікті биоәртүрлілікті сақтауға ықпал етеді әрі оны жүзеге асыру кезінде шамамен 1,2 млн көміртегі кредиті алынады. Жоба аясында жоспарланған 3,3 млн ағаштың ішінде бүгінде алғашқы 200 мың көшет отырғызылды. Айта кетейік, өнімділігі төмен ауыл шаруашылығы алқаптары мен тозған жайылымдар орман питомнигі – орман екпелері – орман шаруашылығы – экотуризм болып, орман экожүйесіне қайта құрылады.

«Бұл жобаны ҚР Президенті мен «Атамекен» ҰКП қолдады. Енді біз оны іс жүзінде жүзеге асыруға кірісеміз. SEFE және SAFC құзыреттерін біріктіре отырып, біз шетелдік инвестицияларды тарту үшін Қазақстанның кең мүмкіншілігін көрсетеміз», - деп атап өтті «SAFC»  ЖШС Бас директоры әрі негізін қалаушы Юрий Ким.

Оң экологиялық әсерден бөлек, жобаның қызметі жергілікті әлеуметтік және экономикалық ортаға әсер етіп, аудан тұрғындарын жұмысқа орналастыру және оқыту мүмкіндіктерін туғызады. Қысқару болжамына сәйкес, 1 гектарға 30 жылда 1,2 млн тонна СО2, 1 жылда 26 тонна СО2 жойылады.

Жоба бойынша серіктес ретінде «SEFE» британдық компаниясы күрделі салымдардан басқа, жобаны әзірлеуді, мониторинг, сондай-ақ маркетингтік қызметтерді ұсынады.

«Жоғары сапалы көміртекті жою жобаларына инвестиция салу Париж келісіміне сәйкес жалпы климаттық мақсатқа жетудің негізгі құрамдас бөлігі болады. Бұл жоба 1 миллион тоннадан астам сіңірілген шығарындылар мен тиісті өтемақы төлемдерін өндіруге жәрдемдеседі», - деді Sefe портфельді басқару жөніндегі атқарушы вице-президенті Александр Демидов.

Айта кетейік, Келісімге қол қойылғаннан кейін ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновпен кездесу өткізіліп, пилоттық орман климаттық жобасын іске асыру бойынша мәселелер талқыланды.

Ормандардың көбеюі біз үшін өте маңызды.  Біз экологиялық жобаларға шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Үкімет экожүйені қалпына келтіруге, көміртегі ізін азайтуға, жасыл экономиканы дамытуға және басқа да негізгі мәселелерге бағытталған жобаларды қолдайды», — деп атап көрсетті Олжас Бектенов.

Бүгінде барлық қажетті рәсімдер пысықталып, алғашқы оффтейк-келісімшартқа қол қойылды. Өткен халықаралық процедуралардың арқасында тәжірибені пайдалана алатын және кластер шеңберінде көміртегі шаруашылығына инвестиция сала алатын басқа қатысушылар үшін жол ашылды.

Көміртекті жобаларды іске асыру – Қазақстан экономикасын әртараптандырудың жаңа кезеңі. Агро-индустриялық аймақтардың жобалары «көміртекті егіншілікті» енгізуді көздейді. Бұл болашақта ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден түсетін пайдамен қатар, Қазақстанда парниктік газдар шығарындыларының саудасынан қаражат табуға мүмкіндік болатынын білдіреді. Естеріңізге сала кетейік, жоба өткен жылы «Атамекен» ҰКП, «SAFC» ЖШС және «SEFE Marketing & Trading» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін, ҚР Президентінің қатысуымен өткен СОР 28 Дүниежүзілік климаттық саммиті аясында бастау алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер