Райымбек ауданындағы ауыл шаруашылығы бизнесінің өзекті мәселелері
Кездесу «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен ашық форматта өтіп, кәсіпкерлік көкейтесті мәселелерді тыңдаумен қатар, шешімдер табуға бағытталды. Райымбек ауданында өткен отырысқа Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Еркін Майлыбайұлы, Алматы облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ директорының орынбасары Аслан Слямов, облыстық экология департаментінің өкілі Айдар Құттыбай, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Олжас Молдатаев, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Самат Сатылханов және аудан прокуроры Талғат Ұлықпанұлы қатысты.
40 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда 335 мыңнан астам бас мал бар. Тұрғындардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысатындықтан, көптеген мәселелер осы салаларға қатысты көтерілді.
Алдымен «Сенім» шаруа қожалығының басшысы, аудандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Мұрат Иманбек аудандағы мәселелерді баяндады. Оның айтуынша, мал сою орталығының болмауы кәсіпкерлерге қиындық тудыруда. «Малды арнайы мал сою орталығында соймағандықтан, ветеринариялық «1-форма» анықтамасын ала алмай, ет сата алмай отырмыз», – деді ол. Негізгі себебі – Ветеринария туралы заңның 25-бабының 11-тармағына сәйкес малды тек арнайы ет өндіретін орындарда сою. Сондықтан Райымбек ауданы мал сою орталығының болуын қажет етеді.
Сонымен қатар, ірі қалалар мен аудандарда килограммы 3500-4000 теңгеге дейін сатылатын етті делдалдарға 2000 теңгеден сатуға мәжбүр болатындарын және еңбектері ақталмай жатқандықтарын айтып, бірнеше шаруа қожалығы иелері шағымданды. Олар сондай-ақ, ет тасымалдау кезіндегі айыппұл мәселесін қарастыруды өтінді.
Кәсіпкерлермен кездесуде төрт түлік малды есепке алуға арналған мобильді қосымша туралы да айтылды. Алайда, кәсіпкерлердің айтуынша, мал басын енгізу, сырға нөмірін алу және мал сатып алу-сатуға арналған бұл қосымша дұрыс жұмыс істемейді. Көктемде енгізілген деректер күзге қарай жойылып кетеді екен. Қолданба әлі де толық тексеруді қажет етеді.
Бақыт Қуанов, Жұлдыз Бұтабаев, Назира Қанапияева, Ержан Молдахметов, Әуелхан Саят сынды кәсіпкерлер субсидияланған асыл тұқымды малдарға берілген субсидияның қайтарылуы туралы да айтты. Лизингке алынған ауыл шаруашылығы техникаларының уақытынан кешігіп, науқан аяқталғаннан кейін берілуі кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіруде, – деді кәсіпкерлер.
Жалпы, барлық кәсіпкерлік мәселелері бойынша Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы өз құзыреті шегінде барлық мәселелерді бақылап, жұмыстар жүргізеді. Райымбек ауданы кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлназ Тукмулдаева облыстық деңгейде тиісті шараларды қолға алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: