«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сарапшы пікірі: мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер қайтадан жосықсыз жер пайдаланушылардың қолына түсу қаупі бар

2024 жылғы 18 Қараша
272 просмотров

Соңғы жылдары Қазақстанда пайдаланылмаған не заңсыз берілген жерлерді қайтару бойынша белсенді науқан жүріп жатыр. Осы мақсатта 2022 жылы құрылған республикалық комиссия рекордтық 10 млн га ауылшаруашылық жерлерін қайтарды. Осы қыркүйекте комиссия қайта форматталып, қайтарылған жерлерді фермерлер мен агроөнеркәсіптік кешендерге әділетті түрде бөлу және оларды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бағытында мақсат қойды.

Бүгінде осы 10 млн гектардың 4,3 млн айналымға қайта шығарылатын болды, алайда бұл процеске сенімсіздік туып жатқаны жасырын емес. Қайта бөлу бойынша жүйенің ашықтығы мен әділдігіне  қатысты сұрақтар көбейіп келеді. Төртінші жыл қатарынан ҰКП-не кәсіпкерлерден шағымдар түсуі тоқтамауда.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа және бұрын қайтарылған ауыл шаруашылығы жер учаскелерін беру аудан әкімдіктері өткізетін конкурстар арқылы жүзеге асырылады. Конкурстарды өткізудің негізгі шарттары мен тәртібі ҚР Жер кодексінің жеке бабында, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітілген Ережелерде де айқындалған.

«Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжан аталған мәселеге қатысты өз ойын білдірді:

АШМ өз ережелерін тым жеңілдете отырып, қатысушылардың конкурстық ұсыныстарын бағалауды кәсіпкерлік қызметке байланысты жалғыз критериймен – жоспарланған инвестициялардың мөлшерін бағалаумен шектеді. Бұл негізінен, болашақта дамуға инвестиция салу туралы «уәделерін» бағалауды білдіреді. Оларды растау қажет болмайды әрі осы уәделердің орындалуын бақылау жеткіліксіз.

Бұл ретте, Жер кодексі ауыл шаруашылығы жерлерін беру кезінде қатысушылардың неғұрлым маңызды және шын мәнінде қажетті өлшемдерін, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру алаңдарын, қолда бар мал басын, қолданылатын агротехнологияларды, ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтардың, білікті мамандардың болуын, құрылатын жұмыс орындарының санын және т. б. бағалауды талап етеді.

Алайда, бұл критерийлер Ережелерде мүлдем жоқ.

«Біз ҰКП атынан 2020 жылдың маусым айынан бастап АШМ-нің алдына Жер кодексінің талаптарына сәйкес келетін ережелерді жетілдіру қажеттілігі туралы мәселе қойып келеміз. Жерді мақсатына сай пайдаланатын фермерлер үшін басымдықтың болғанын қалаймыз. Сондай-ақ, біз ірі агрохолдингтермен бәсекелеспеу үшін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін жеке конкурстар құруды ұсынамыз. Мұндай конкурстарда ауыл шаруашылығы техникасының болмауы сияқты жеңілдетілген талаптарды көздеуге болады. Жайылымдар үшін 300 га дейін және егістік жерлер үшін 50 га дейін ауданы бойынша шектеуге болады», - деп атап өтті спикер.

Ведомствоның қолданыстағы ережелерінің елеулі кемшіліктері бар: олар бюрократиялық кедергілерді арттырып қана қоймайды, сонымен қатар Қазақстанның аграрлық секторының дамуын бәсеңдете отырып, фермерлерді жерді әділ алу және одан әрі арттыру үшін нақты мүмкіндіктерден айырады. Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығына арналған конкурстарды аудан әкімдіктері өткізеді. Онда жеңіске жетудің негізгі критерийі гектарына мәлімделген инвестициялардың көлемі. Қатысушылар көбірек ұпай жинау үшін максималды сомаларды көрсетеді. Ұпайлар тең болған кезде жеңімпазды жер комиссиясының мүшелері дауыс беру арқылы анықтайды. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа жол ашып, бәзбіреулердің жеке қалауы мен ұсыныстары негізінде іске асады.

«Конкурс жеңімпаздары кәсіпкер жайлы оң пікір білдіретін ауылдық округ әкімдерінің ұстанымын негізге ала отырып, яғни субъективті бағалау негізінде анықталатын фактілер кездеседі. Көбінесе екі үміткердің бірін таңдағанда, олардың біреуінде жеке мал басы бар әрі жайылымға мұқтаж бола тұра, комиссия мүлдем малы жоқ басқа біреуді жеңімпаз деп таныған фактілер орын алған», - дейді сарапшы.

Бұл процеске деген сенімді төмендетеді және оны дамытуға шынымен қызығушылық танытатын азаматтарға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, конкурс жеңімпазы оны дамытамын, инвестиция құямын деп жер алып, кейін өз міндеттемелерін орындамайды.

«Ағымдағы ережелер конкурстардың нәтижелерін іс жүзінде құнсыздандырады», - деп атап өтті Ернұр Әбжан.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ғылыми қауымдастық пен салалық сарапшыларды тарта отырып, конкурстық қағидаларды және конкурстық ұсыныстарды бағалау жүйесін қайта қарау қажеттігіне көптен бері назар аударып келеді. ҰКП бірнеше рет АШМ-ге бірқатар ұсыныстар жіберсе де, конкурстарға өтінімдерді бағалау жүйесі жетілмеген күйінде қалып отыр. Жерді пайдалану тиімділігінің критерийлерін енгізудің орнына АШМ Ережеге учаске орналасқан ауылдық жерде, ауданда немесе қалада тұрғаны үшін, сондай-ақ өтініш берушінің кооперативке тиесілігі үшін ең тиімді жер пайдаланушыларды таңдауға әсер етпейтін факторлар үшін балл қосқан.

Өкінішке қарай, осы механизм арқылы миллиондаған гектар жер бөлінді. АШМ ресми деректеріне сәйкес, 2017-2023 жылдары ауыл шаруашылығы айналымына 13 млн га тартылған, олардың басым көпшілігі талқыланып жатқан Ереже шеңберінде іске асқан. 

Мәселеге назар аудару мақсатында ҰКП мәселені Үкіметтік деңгейде көтерді. Сараптамалық кеңес, жұмыс тобы құрылып, министрлікке Ереже аясында бағалау жүйесін қайта қарау бойынша тиісті тапсырмалары бар жол картасы бекітілді. Дегенмен, жағдай өзгеріссіз. «Атамекен» өкілінің пікірінше, бұл жағдайда жерді тиімсіз қайта бөлудің салдарын түсіну қажет.

ҰКП және бизнес-қауымдастық аталған мәселе көтерілген кезде, АШМ Ережелеріне ұсыныстар әзірлеген. Бағалауға бірқатар факторларды міндетті түрде қосу қажеттін жеткізген, атап айтқанда, өтініш берушінің тәжірибесі, ресурстар, персоналдың біліктілігі, бизнес-жоспар, техника, мал басы, жалпы Жер кодексінде бар, бірақ Ережелерде жоқ критерийлер. Сарапшының айтуынша, бұл конкурстарда тиімді жұмыс істеуге дайын жер пайдаланушыларын таңдауға мүмкіндік береді.

Келесі тармақ жеңімпаздардың конкурстық ұсыныстар бойынша міндеттемелерін сақтауына тұрақты бақылау мен есептілікті енгізуді қамтуы тиіс. Сонымен қатар, жеке қалауы мен сыбайлас жемқорлық факторларының әсерін болдырмайтын тетіктерді енгізу маңызды. Ағымдағы жағдайда қайтарылған учаскелер жосықсыз жер пайдаланушыларға қайта түсуі мүмкін, бұл республикалық комиссия жұмысының тиімділігіне нұқсан келтіреді.

«Пайдаланылмайтын жерлерді анықтау және қайтару бойынша жұмыс айтарлықтай күш - жігерді, уақыт пен ресурстарды талап етеді және мұндай жерлерді тиімсіз жер пайдаланушыларға қайта беру осы комиссия жұмысының төмен нәтижелілігіне әкеп соқтырады», - деп қорытындылады Ернұр Әбжан.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер