«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы облысы: Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жаңа серпіліс

2024 жылғы 15 Қараша
- Алматы облысы
258 просмотров

Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиер Ибрагимовтың Алматы облысына сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтып қана қоймай, сонымен қатар өзара тиімді ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының экономикалық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Ержан Дүйсекенов осы жиынға қатысып, палатаның кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі белсенді позициясын көрсетті.

Екі тарап та, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік өндіріс, туризм, сондай-ақ, білім мен технология алмасу салаларында бірлесіп жұмыс істеу үшін үлкен мүмкіндіктер бар екенін мойындады. Алматы облысы - Өзбекстанның Андижан және Қашқадарья облыстарымен серіктестік қарым-қатынастарды дамыту үшін де тамаша мүмкіндіктерге ие, өйткені әр облыстың өзіндік ерекшеліктері бар.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Өзбекстанмен ынтымақтастықтың облыстың экономикалық дамуындағы маңыздылығын атап өтті. Өзбекстанның үшінші ірі сыртқы сауда серіктесі болып табылатын Қазақстан жаңа серіктестік нысандарын дамытуға және ашуға бағытталған.

Соңғы бір жылда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 3%-ға өсті. Алматы облысында Өзбекстан капиталы қатысқан 83 кәсіпорын белсенді жұмыс істейді. Бахтиер Ибрагимов Өзбекстанның Қазақстанмен, әсіресе аймақтар деңгейінде ынтымақтастықты нығайтуға деген ұстанымын растады.

Келіссөздер барысында тараптар еңбек миграциясын кеңейту, соның ішінде Өзбекстаннан еңбек миграциясына квоталарды ұлғайту және Қазақстанда жұмысшыларды оқыту мен бейімдеу бағдарламаларын құру туралы әңгімелесті.

Елші "Алатау" жобасын бірлесіп іске асырудың, соның ішінде инвестициялық құрамдас бөлігін және Өзбекстаннан еңбек ресурстарын тарту мүмкіндігін талқылауға қызығушылық танытты.

Алматы облысының Андижан және Қашқадарья облыстарымен серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға ерекше назар аударылды. Тәжірибе және технология алмасу мақсатында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте бірлескен жобаларды ұйымдастыру ұсынылды.

Бахтиер Ибрагимов Алматы облысының әкімін және кәсіпкерлерді 23-24 қарашада Қашқадарья облысында өтетін бизнес-форумға шақырды. Марат Сұлтанғазиев делегацияның қатысу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар, тараптар ғылыми салаларда өзара келісім жасау және екі елдің университеттері арасындағы байланыстарды орнату мүмкіндіктерін талқылады. Жақын арада Алматы облысында бірнеше ірі жоғары оқу орындарының филиалдары ашылатын болады, бұл білім алмасу және жоғары білікті мамандарды даярлау үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын болады.

«Туризм – мемлекетімізді дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Ортақ тарихи тамырлар, мәдени және гуманитарлық байланыстар туристік ағынды дамыту үшін керемет негіз жасайды. Алматы облысының көркем табиғаты мен көрікті жерлері туристік инфрақұлымды одан әрі өсіруге қолайлы және өз тарапымыздан Өзбекстаннан келетін туристерге жаңа маршруттар құру бойынша бірлескен жобаларды ұсынатын боламыз»,- деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының экономикалық мәселелер бойынша директорының орынбасары Ержан Дүйсекенов соңғы жылдары Өзбекстан экономикасының қарқынды дамуын атап өтті және екі ел арасындағы ынтымақтастық тек тауар алмасумен шектелмеуі керек екенін айтты. Ол автомобиль жасау, электр техникасы, фармацевтика және ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу салаларында Өзбекстан әріптестерінің сәтті тәжірибесін зерттеу кезінде, Қазақстандық кәсіпкерлер қызығушылық танытатынын білдірді. Сондай-ақ, Өзбекстандық кәсіпкерлердің де,  Отандық нарық үшін қызықты ұсыныстары бар екеніне сенім білдірді және Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасында Өзбекстандық бизнес қауымдастығымен кездесудің әр түрлі форматтарын қарастыруды ұсынды, бұл жаңа өзара тиімді жобаларды талқылауға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм салаларындағы өзара әрекеттестікті дамыту, сондай-ақ бірлескен білім беру жобалары Қазақстан мен Өзбекстанның экономикасына пайда әкеліп, бүкіл аймақтың дамуына ықпал етеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер