«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Handmade өнері: ғажайып туындылар

2024 жылғы 12 Қараша
2766 просмотров

Ұлытаулық қолөнер шебері Сағыныш Битенованың жүнді өнер туындысына айналдыру идеясына ауылдастарының бағалы бұйымды лақтырып жіберетіндері түрткі болған. 

«Кезінде көркем-графика факультетінде білім алдым. Өнерге, шығармашылыққа, қолөнерге деген сүйіспеншілігім жылдар өтсе де сөнген емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын кәсіпкерлік ашып, тоқыма бұйымдарын, қазақтың ұлттық киімдерін тігумен айналыстым», - дейді шебер.

 

 

Сонымен қатар ол интернеттен көптеген әдемі жүннен жасалған бұйымдарды көріп, содан қайталап көргісі келгенін жеткізді.

«Ауылдық жерде тұратындықтан шаруашылықта жүн көп. Осылайша, оны шығармашылығыма пайдалануды жөн көрдім. Алғашқы жұмысым жылқылардың суреті болды. Дәл осыны мен одан әрі шығармашылық үшін негіз ретінде пайдалана бастадым. Жылқы – аймақ үшін ерекше жануар. Ұлытау – ең алдымен мал өсіретін өлке, оның үстіне, Ұлытау үш жүздің бесігі болған. Дәл осы киелі топырақта Қазақ хандығының дамуы басталды. «Ұлытау – ұлт ұясы» дейді. Бұл жерде шынында да ерекше қуат бар – киелі таулар, таза ауа, бұлақ суы. Шығармашылық идеяларым мен шабытымды Ұлытаудың әсем жерлерінен аламын», - дейді ол.

Уақыт өте келе, қолөнерші Сағыныш Битенова жүннен жасалған бұйымдардың қатарын кеңейтіп жатыр. Бүгінде халық арасында сұранысқа ие жылы әрі сәнді орамалдар, ойыншықтар, жемпірлер, бас киімдер, паннолар, киіз бұйымдарын жасайды. Оның айтуынша, жүнді дайындау процесі көп еңбекті қажет етеді. Алдымен жүнді сұрыптап, содан кейін тарау, жуып, кептіру, содан кейін ғана жұмысқа пайдалану қажет.

Тұрғындар бес саусағынан өнер тамған шебердің жұмысын жоғары бағалап, жақсы пікірлер айтуда. Өз кезегінде қолөнерші жүннің оң қасиеттерін де  атап өтті. Жүн тек қана жылытып, суықтан   қорғап қана қоймайды, сонымен қатар келіншектердің денсаулығына оң әсер етеді. Жүннен жасалған емдік белдіктер  бел мен арқа ауырсынуына қосымша терапия ретінде қолданылады.

Расында жүннің  қасиеттері мол. Ол ауаның өтуіне, терінің тыныс алуына мүмкіндік береді, жылуды ұзақ уақыт сақтайтын тамаша қасиеттерге ие, гигроскопиялық, кір мен шаңды сіңіруге төзімді, тозуға төзімді. Синтетикалық бұйымдар сияқты  электрленбейді.  Ал жалпы алғанда, жүннен жасалған бұйымдар әрқашан эстетикалық тартымды көрінеді, сатып алушылардың назарын аударады.

«Біз өнімдеріміздің тұтынушыларға ұзақ қызмет етіп, игіліктеріне жарағанын қалаймыз», – дейді киелі Ұлытау жерінің қолөнершісі.

Сағыныш Битенова әр бұйымына шеберлік, еңбек, шығармашылықты ғана емес, бар жан дүниесімен беріліп, туындыларын жасауда.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер