«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҰКП ҚМА-мен бірлесіп алкоголь өнімінің көлеңкелі айналымына қарсы күресті күшейтеді

2024 жылғы 06 Қараша
4792 просмотров

Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп алкоголь өнімінің көлеңкелі айналымына қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Талқылауға «Атамекен» ҰКП Төралқасының Төрағасы Райымбек Баталов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, Қаржы министрлігі және Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) өкілдері мен «ҚазАлкоТабак», «QazSpirits» қауымдастығы және ірі алкоголь өнімдерін  өндірушілер қатысты.

 

 

Кездесу барысында сала алдында тұрған өзекті мәселелер мен жағдайды жақсарту үшін мемлекет қабылдап жатқан шаралар талқыланды.

ҚМА мәліметтері бойынша, соңғы 4 жылда елде алкогольдің заңсыз айналымы бойынша 282 жағдай тіркелген. Суррогат алкоголь өнімін өндіретін 123 жерасты цехы таратылып, 3,3 миллионнан астам бөтелке, 720 мың литр алкоголь бар өнім және 640 мыңға жуық жалған акциздік маркалар тәркіленді. 

Жиынға қатысушылар алкоголь өндіріс саласының көлеңкелі секторы бюджеттің елеулі шығындарына әкеп соқтыратынын және халықтың денсаулығына елеулі қатер төндіретінін атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында акцизделетін өнімнің өндірісі мен айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдату шаралары және алкоголь өнімдерін таңбалау мен қадағалау жүйесін енгізудің маңыздылығы талқыланды. ҚМА нарықтың ашықтығын арттыру және адал өндірушілер мен тұтынушыларды заңсыз өнімдерден қорғау үшін 2026 жылға жоспарланған цифрлық таңбалау жүйесін енгізуді жеделдетуді ұсынды. Заңдастыру процесі адал болуы керек және өндірушілер өз қызметін заң талаптарына сәйкес реттеуге нақты мүмкіндікке ие болуы тиіс.

Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП қатысушыларға бизнес және мемлекеттік органдар, Парламент Мәжілісі қолдаған бастамалар туралы жеткізіді:

- коньяк пен брендиді қоса алғанда, күшті алкоголь өнімдеріне ең төменгі бөлшек бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды әзірлеу және енгізу;

- алкоголь өніміне ұлттық техникалық регламент қабылдау;

- ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Ақпараттық-есепке алу орталығы арқылы алкоголь өнімін таңбалау бойынша пилоттық жобаны жүргізу.

Бұдан өзге, ҰКП бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, алкоголь өнімінің айналымын жедел бақылау және мониторингілеу үшін жаңа құралдарды енгізу бойынша ұсыныстар әзірленді:

- өндірушілер мен көтерме жеткізушілердің 30 градус және одан жоғары беріктігі бар алкогольдің ең төменгі бағасын белгілеу;

- өндірістік қуаттарды пайдаланудың ең төменгі пайызын анықтау және коньяк, бренди мен 30 градустан жоғары алкогольді сусындардың ең төменгі көлемін белгілеу;

- өндірушілер мен импорттаушылардың фирмалық дүкендерін қоспағанда, бір лицензиаттың алкогольді көтерме және бөлшек саудаға бір мезгілде лицензия алуына шектеу.

Жиын қорытындысы бойынша ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданып, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі шараларды талқылау үшін негізгі платформа болатын болды. Бұл өз кезегінде нарықтағы заңсыз өніммен күресте мемлекет, бизнес және салалық қауымдастықтар арасында бірлескен шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер