«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес бюрократияға қарсы: Қазіргі таңда Тараз қаласында форель мен тұқы өсіру жобасы өзекті мәселелердің бірі болып тұр

2024 жылғы 04 Қараша
- Жамбыл облысы
3327 просмотров

Өткен жұма күні Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда «Алтын бұлақ» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері форель мен тұқы өсіру, сондай-ақ консерві цехын салу бойынша инновациялық жобаны іске асыру үшін алаңы 40 гектар жер учаскесіне неліктен рұқсат ала алмай келеді деген маңызды мәселе талқыланды.

Тараз қалалық округінде жоспарланып отырған жоба 9 жұмыс орнын құруды және 285 миллион теңге сомасына инвестиция тартуды қамтиды. Аталған жоба сәтті іске қосылса, кәсіпорын жергілікті нарықты балғын балық пен тұқы мен форель балықтарынан жасалған консерві өнімдермен қамтамасыз ете алар еді.

Бұрынғы әкімдер мен әкімдіктен алынған қолдау алғанына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрлігінің 2024 жылғы 24 қазандағы №371 «Қазақстан Республикасының индустрияландырудың бірыңғай картасы мәселелері туралы» бұйрығымен жоба Қазақстан Республикасының индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізілгеніне қарамастан, кәсіпорын қаланың бас жоспарына байланысты кедергіге тап болды. Тараз қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі бұған дейін кәсіпорынға көмек пен қолдау көрсететіні жайлы айтқанымен, кәсіпорынның көгалдандыру учаскесі аймағында орналасқанын және жоба үшін учаске бөлінбейтінін мәлімдеді.

Шаруашылық басшысы Әбдірахым Қуанышбаевтың айтуынша, жоба жергілікті тұрғындарды жоғары өнімділігімен және орнықтылығымен ерекшеленетін «Адлер Августині» бірегей форель тұқымымен қамтамасыз ете алар еді. Алайда, бюрократиялық қиындықтар мен бөлінген учаскенің жобаға сәйкессіздігі жергілікті экономикаға елеулі үлес қосатын және өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешетін жобаны іске асыруға күмән келтіреді.

Отырыс қорытындысы бойынша барлық қатысушылар аталған жоба үшін әкімшілік кедергілерді алып тастау жұмыстарын жалғастыру қажеттігін айтты. Алайда, жер учаскесіне қатысты мәселе шешілмей тұрғанда, инновациялық жоба іске асырылмай бос тұр. Бұл бизнес өкілдері мен жергілікті тұрғындар арасында айтарлықтай алаңдаушылық тудырып тұр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер