«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» трансформациясы: ашықтық, әділдік, жаңашылдық

2024 жылғы 30 Қазан
2553 просмотров

30 қазанда Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов БАҚ өкілдерімен бейресми форматта кездесті. Жиында Ұлттық палата басшысы «Атамекенді» трансформациялаудың негізгі бағыттары, шағын және орта бизнесті нығайту, сондай-ақ, қазақстандық өндірушілерді қолдаудың жаңа ережелерін жасау арқылы жалған өндірушілермен күресуге бағытталған бастамалар туралы баяндады.

Кездесу барысында Райымбек Баталов журналистерді тиімді жұмыс істейтін кәсіпорындарды кеңейтуге, инвестиция ағынына және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал ететін жаңа құралдармен таныстырды. Атап айтқанда, Ұлттық палата басшысы басым секторларға бағытталған қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын қамтитын микро және шағын бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасына кеңінен тоқталды. Райымбек Баталовтың айтуынша, ҰКП-ның бұл бастамалары бизнесті дамытуға кешенді көзқарасты қамтамасыз етеді, кәсіпкерлік субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады және өңірлердегі өмір сүру сапасын жақсартады.

«Атамекеннің» орта бизнесті қолдауға бағытталған бастамалары отандық өндірісті дамытуға, кластерді қалыптастыруға, сондай-ақ, Қазақстаннан шыққан тауарлардың жаңа Тізілімі аясында ел ішіндегі құн үлесін арттыруға бағытталған.

Жалған өндірушілермен, қазақстандық қамтуды және оқшаулау деңгейін әділетсіз бағалаумен күресу мақсатында Ұлттық палата өнімнің ел ішіндегі құн үлесін есептеудің жаңа әдістемесін (бұдан әрі – ЕҚҮ) ұсынады. Локализация деңгейі ұпайлар санында көрсетіледі және санаттарға жіктеледі. Әрбір санат мемлекет тарапынан жасалатын қолдау мөлшерін білдіреді. Тауарлардың санатына қарай отандық өндірушілер реттелетін сатып алуларға қатысу және мемлекеттік қолдау шараларын алу мүмкіндігіне ие болады.

«Реттелетін сатып алудағы артықшылықтар отандық өндірушілерді жергілікті шикізат сатып алуға, технологиялық операциялардың санын көбейтуге және сол арқылы нағыз отандық өнім жасап шығаруға ынталандырады», - деді Райымбек Баталов.

Бүгінде Қазақстаннан шыққан тауарлардың жаңа Тізілімі туралы заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде. Оның аясында Ұлттық палата шикізатты пайдалануды және технологиялық операцияларды орындауды есепке алатын балдық жүйені енгізуді қорғайтын болады. 

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов кластерді дамыту бойынша ҰКП идеясын қолдау мақсатында оларды іске асырудың жеделдетілген алгоритмін, сондай-ақ, инженерлік инфрақұрылым құрылысына жеке инвестицияларды тартудың өтелу схемаларын енгізуді бекітті.

Кластерлер шеңберінде инвестициялық жобаларды іске асырудың объективті және өзекті көрнісін қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық палата ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп Ұлттық цифрлық инвестициялар платформасын (ҰЦИП) енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Р. Баталовтың айтуынша, ҰЦИП-тің негізгі мақсаты – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің инвестициялық жобаларын жүзеге асыру кезінде әкімшілік және басқа да кедергілерді азайту. Бұл жүйеге инвесторлармен қатар, мемлекеттік органдар мен қаржы институттары тарапынан жобаға қатысушылар қосылады. Цифрлық платформа инвестициялық жобалардың орындалу барысын онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес капиталды тарту бойынша шешімді неғұрлым қысқа мерзімде қабылдауды жеңілдетеді.

Инновациялық шешімдерді енгізу және кәсіпкерлікті қолдаудың экожүйесін құру арқылы «Атамекен» бизнестің жаңа деңгейге көтерілуіне, кедергілерді еңсеріп, еліміздің өркендеуіне атсалысуына ықпалдасады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер