«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

DMO және геосаябақтар: ҰКП Комитетінің отырысында өңірлердің негізгі ұсыныстары қаралды

2024 жылғы 28 Қазан
2587 просмотров

 «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Туристік сала Комитетінің өңірлерден келген салалық кеңестер төрағалары мен мүшелерінің қатысуымен өткен кеңейтілген отырысында Қазақстандағы туризмді дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары талқыланды. Отырысты Комитет төрағасы Юлия Якупбаева жүргізді. Іс-шараға ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев және Туризм индустриясы Комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев қатысты.

Жиын барысында өңірлердегі туристік бизнес өкілдерінен түрлі сауалдар мен ұсыныстар түсті. Оның ішінде Алматы облысында туризм мақсатында берілген жерлерге туристік нысандардың құрылысын бастау үшін сәулет-жоспарлау тапсырмаларын қабылдауды жеделдету қажет. Сондай-ақ облыс тарапынан туристік аймақтарды тиімдірек басқару және туристік жобаларды жүзеге асыруды жеделдету үшін Туризм бағыттарын басқару институтын (DMO) енгізу туралы ұсыныс айтылды.

Маңғыстау облысы өңірде Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының өкілдігін ашу туралы бастама көтерді. Сонымен қатар, облыста ЮНЕСКО демеушілігімен табиғи геосаябақ құруды ұсынды. Геосаябақтарды құру мәселесі басқа өңірлерде де өзекті, ол үшін мәселені заңнамалық деңгейде шешуді жеделдету қажет, деп атап өтті ҰКП өкілдері. Жиынға қатысушылар бұл жобаларға қосымша серпін беру үшін барлық курорттық аймақтарды дамыту жоспарларын әзірлеуге және талқылауға бизнестің белсенді қатысуы қажеттігін айтты. «Бурабай» курорттық аймағын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы бойынша ұсыныстарды, сондай-ақ, балалар туризмін дамыту бастамаларын Ақмола облысының салалық кеңесінің төрағасы жеткізді.

Кәсіпкерлер сұрағы бойынша вице-министр Ержан Еркінбаев пен Туризм индустриясы Комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев өңірдегі туристік индустрияның дамуын жеделдетуге бағытталған нақты шешімдерді ұсынды. Еркінбаевтың айтуынша, Қызылорда облысында геосаябақ құру үдерісі белсенді түрде жүруде. Ал, Маңғыстау облысы мен жергілікті бизнес өкілдері дайын болса, ведомство геосаябақ құруға қолдау көрсетуге және ЮНЕСКО-мен өзара іс-қимылды жеңілдетуге дайын. Курорттық аймақтарды дамыту жоспарларының жобаларына қатысты Кәріпбаев олардың қоғамдық талқылау үшін ашық құқықтық актілер порталында орналастырылғанын жеткізді. Бұл ретте инфрақұрылымды дамыту мәселелері әкімдіктердің құзыретіне жататындықтан, жиынтық жұмыстары соларға жүктелген. Сондай-ақ, спикер Бірыңғай ұстанымдарды әзірлеу үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының платформасын пайдалануды ұсынды.

«ҰКП платформасы мен құрылған салалық кеңестердің арқасында шешім қабылдау үдерісі жеделдетілді. Бүгінгі күні жауапсыз қалған сұрақтардың барлығы ҰКП мен мемлекеттік органдардың назарында қалып, министрлікке жолданатын болады», - деп айтты Тимур Нақыпбеков.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер