«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Салалық кеңестердің құрамы бекітілді

2024 жылғы 24 Қазан
- Шымкент қаласы
4230 просмотров

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестердің отырыстары өтті.

Жиындарға Палата директоры Сабира Адамбекова және орынбасарлары, кеңестердің үйлестірушілері, кәсіпкерлер қатысты.

Директордың төрағалығымен өткен жиындарда салалық кеңестердің құрамдары жаңартылып, мүшелері бекітілді. Сонымен қатар жаңа кеңестердің төрағалары сайланды.

Сабира Адамбекова алдымен кәсіпкерлерге Палатаның жұмысын таныстырып, салалық кеңестердің маңызы туралы айтып өтті.

«Кәсіпкерлер палатасының жанында түрлі салалық кеңестер жұмыс істейді. Онда белгілі бір бағыттың, саланың кәсіпкерлері жиналып, туындаған проблемалар көтеріледі, шешу жолдары мен ұсыныстары талқыланады. Қажет болған жағдайда орталық немесе  жергілікті атқарушы органдарға шығып, проблема көтеріледі. Жалпы, әр салалық кеңестің кемінде тұрақты 13 мүшесі және қосымша сала өкілдері болуы керек. Сонымен қатар бұған дейін 6 салалық кеңес болса, енді атқарылатын жұмыстардың ауқымына байланысты кеңес санын 9-ға жеткізіп, әр саланың өзіне қатысты кеңес құрылып жатыр. Осыған байланысты кеңес құрамын бекітіліп, төрағаларын сайлауды ұсынамын», – деді Сабира Адамбекова.

Бұған дейін кеңестердің құрамы жаңартылатыны жайлы хабарландыру жарияланып, кеңес құрамында қызмет етуге ниет білдірген  кәсіпкерлер тиісті өтініштерін ұсынған. Сол кәсіпкерлерден салалық кеңестердің құрамы жаңартылып отыр.

Осылайша Сабира Адамбекова әр салалық кеңестің негізгі мақсаттары және құрамымен таныстырып өтті. Бұдан кейін салалық кеңес мүшелері өз араларынан төрағаны ұсынып, бірауыздан сайлады.

Сонымен қатар, жиындарда салалық проблемалар да көтеріліп өтті. Атап айтқанда кәсіпкерлер отандық тауарөндірушілерді контрафакті өнімдерден қорғау жөнінде және мемлекеттік қолдау шаралары туралы пікірлерімен бөлісті. Ал құрылыс компанияларының өкілдері шетелдік жүк көліктерінің қала ішіндегі жолдарда жүруіне салынуы жоспарланып отырған тыйымдарды кеңінен талқылады.

Кәсіпкерлер палатасы кеңес отырыстарында енгізілген ұсыныстарды алдағы уақытта тиісті мемлекеттік органдармен бірге талқылауды жоспарға енгізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер