Қазақстандық кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар құрылыс саласы мамандарын сертификаттауда латвиялық тәжірибені қолдануда
Рига қаласында Қазақстан мен Латвияның кәсіби бірлестіктерінің ұйымдастыруымен Латвия Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі лицензиялау жүйесі мәселелеріне арналған үш күндік арнайы семинар өтті.
Латвия тарапынан семинардың негізгі ұйымдастырушысы «CLEANTECH LATVIA» қауымдастығы болды. 2019 жылдан 2023 жылға дейін құрылыс саласындағы инженерлерді сертификаттау және біліктілікті бақылау бойынша латвиялық және еуропалық тәжірибені беріп, ЕО-ның «ENGINE» жобасы аясында Қазақстан мен Өзбекстанда белсенді жұмыс істеді.
Семинар аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері Комитеті мен қазақстандық құрылыс бизнесінің өкілдері Латвия Республикасы Экономика министрлігінің өкілдерімен, Ұлттық аккредиттеу бюросының (LATAK) өкілдерімен, сондай-ақ, кәсіби Қауымдастықтар – Латвия құрылысшылар одағы, Латвия сәулетшілер одағы және Латвия сақтандырушылар қауымдастығымен кездесті.
Кездесулер Латвия құрылыс индустриясының мамандарын сертификаттау жүйесін, мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын, сертификатталған мамандардың қызметін бақылау процестерін, сапа туралы шағымдарды қарау тәртібін, олардың жұмысын бағалау мен бақылауды зерделеуге арналды.
«Бізді Латвия сәулетшілер одағының (LAS) сертификатталған сәулетшілердің қызметін үнемі талдап, бақылайтын сертификаттау орталығының ақпараты қатты қызықтырды», - деді Сараптамалық ұйымдар палатасының төрағасы Бірлік Ережепов.
Орталық сәулетшілердің біліктілігін бағалау кезінде субъективтілікті жоққа шығаратын бірегей критерийлер мен сертификаттау әдістерін әзірледі. Оның командасы көп жылдық тәжірибесі және мінсіз беделі бар тәуелсіз, сертификатталған сарапшылардан тұрады.
«Бұл сапар мен үшін сәтті болды. Бұл тіпті белгілі бір дәрежеде біздің саладағы жауапкершілікке деген көзқарасымды өзгертті. Кәсiпорындарды құратын және жұмыс күшiн өндiретiн жеке адамдар екендiгiн көрсететiн түбегейлi басқа көзқарас. Жеке тұлғаның құзыреттері мен еңбек нәтижелерін бақылау Қазақстандағы тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сапасының артуына әкеледі. Біз барлығымыз компаниялардың әлеуметтік субъекті екенін түсінеміз және табыс құрылыс саласындағы әрбір жұмысшы үшін біліктілік пен кәсібиліктің жоғары стандарттарын қамтамасыз етудеміз. Жеке тұлғаларды сертификаттау жүйесін енгізу сонымен қатар заңды тұлғалардың өз әрекеттері үшін жауапкершілігін арттырады және компанияларды үнемі жетілдіруге ынталандыратын салауатты бәсекелестік ортаны қалыптастырады», - деп атап өтті сапарға қатысушылардың бірі, «Атамекен» ҰКП Өңірлік кеңесінің төрағасы, «Property Management Group» басқарушы компаниясының басшысы Қайрат Көкенов.
Қатысушылар атап өткендей, құрылыс процестерін реттеу үшін Латвияда қолданылатын цифрлық шешімдермен - құрылыс саласындағы 28 ақпараттық жүйемен біріктірілген құрылыс, жерді пайдалану, экология, жылжымайтын мүлік және т.б. процестерін бірыңғай басқарудың мемлекеттік цифрлық жүйесімен (BIS) танысу пайдалы болды. Қазақстандық тарап өзінің цифрлық ресурстарын жаңғырту және оларды басқа мемлекеттік жүйелермен интеграциялау қажеттігін атап өтті.
«Латвиялық әріптестердің құрылыс саласында қадағалауды, бақылауды және сәйкестікті бағалауды ұйымдастыру туралы құнды ақпаратқа толы үш күндік сапары біз үшін де, уәкілетті органның басшылары үшін де маңызды болды», - деді «ҚР Ұлттық жобалаушылар қауымдастығының» президенті Мейірбек Жаманқұлов.
Сонымен қатар, қатысушылар құрылыс тәуекелдерін міндетті сақтандыруды көздейтін, нарықтың барлық қатысушыларының, соның ішінде жылжымайтын мүлік иелерінің мүдделерін қорғайтын латвиялық сақтандыру жүйесінің маңыздылығын тілге тиек етті.
«Біздің делегацияның қатысушылары сәулетшілер мен инженерлердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің негізгі қағидаттарымен, Латвиядағы сақтандыру процестерімен, құрылыс индустриясының барлық қатысушылары арасындағы тәуекелдерді бөлумен, объектілерді сақтандыру механизмдерімен, материалдық және мүліктік жауапкершілікпен таныса алды. Латвияда объектілерді сақтандыру құрылыс жұмыстарының барлық кезеңдерінде міндетті болып табылады, бұл жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапасы үшін жауапкершілік деңгейін айтарлықтай арттырады», - деді «Атамекен» ҚР ҰКП Құрылыс департаментінің басқарушы директор - директоры Назира Үсенова.
Семинарлардан басқа, құрылыс сатысындағы латвиялық жобалармен, сондай-ақ сәтті жүзеге асырылған жобалармен жеке танысуға мүмкіндік болды. Осы нысандардың бірі энергияны үнемдейтін және экологиялық тұрақты құрылыс үлгісі Ригадағы Verde birojs кеңсе кешені болды.
«Алынған білім тек пайдалы ғана емес, сонымен қатар, біздің елде де өте қолайлы болады. Өйткені бәріміздің мақсатымыз - жұмыстың ашықтығын сақтай отырып, қатаң бақылау әдістерін қолданбай, құрылыс сапасын арттыру», - деп есептейді ҰКП ТҮКШ және құрылыс комитетінің төрағасы, «Эдем» ЖШС бас директоры Ирина Манжанова.
Уәкілетті органдар мен бизнес өкілдері өткізген семинарлар Қазақстандағы құрылыс индустриясын жақсарту жолындағы маңызды қадам бола алады. Алынған тәжірибе мамандарды сертификаттаудың неғұрлым ашық және тиімді жүйесін дамытуға негіз болады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде еліміздегі құрылыс сапасын арттыруға ықпал етеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: