«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан мен Литва: іскерлік ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

2024 жылғы 10 Қазан
3270 просмотров

Астанада Қазақстан-Литва іскерлік кездесуі өтті. Онда Іскерлік кеңес туралы ережеге қол қойылды. Қазақстан тарапынан келісімге «Атамекен» ҰКП Төрағасының орынбасары м.а Асан Жәкішев, литвалық тараптан – Литва Өнеркәсіпшілер конфедерациясының (LPK) вице-президенті, Кеңестің литвалық бөлігінің төрағасы Ромас Аустинскас қатысты. Сондай-ақ, іс-шара аясында қазақстандық және литвалық кәсіпкерлер ынтымақтастық перспективаларын талқылап, жеке іскерлік кездесулер (В2В) өткізді.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Әмрин Қазақстан мен Литва арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Іскерлік кеңес инвестициялық және тауар айналымына қатысты мәселелерді талқылайтын маңызды алаңға айналды.

«Біздің Іскерлік кеңесіміз екі ел арасындағы инвестицияны дамыту мәселелерін белсенді түрде ілгерілетуде. Өйткені бұл диалог алаңы дамып, екі ел үшін тек оң шешімдер әкелуі керек. Біз көптеген жылдар бойы қос ел арасында тауар айналымы мен транзиттік әлеуетін арттыру бойынша белсенді жұмыс істеп келеміз», – деді Мұрат Әмрин.

Ол сондай-ақ транзиттік тасымалдауға оң әсер ететін және қазақстандық жүргізушілер мен кәсіпкерлер үшін жағдайды жақсартатын визалық саясаттағы ілгерілеушілікке тоқталды.

Өз кезегінде Литва Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі Юлиус Скачкаускас көлік және логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын айтты. Ол Қазақстан-Литва Іскерлік кеңесінің сәтті қалпына келтірілгенін және Транскаспий бағытын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз Трансеуропалық көлік желісін (TEN-T) Транскаспий бағытымен байланыстырудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Литва бұл бағытты дамыту бастамасын қолдайды. Бұл біздің елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және халықаралық мультимодальды тасымалдауды ілгерілетуге көмектеседі», - деді спикер.

Скачкаускас сондай-ақ Литваның аймақтағы негізгі көлік торабы ретіндегі рөлін еске салып, Клайпеда порты мен дамыған теміржол желісін тілге тиек етті. Бұл Қазақстан мен Еуропа арасындағы көлік байланысын одан әрі нығайту үшін маңызды болмақ.

Кездесу B2B келіссөздерімен аяқталды, онда екі елдің бизнес өкілдері нақты жобалар мен ынтымақтастық мәселелерін талқылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер