«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Негізгі міндет – бизнес мүдделерін қорғау: «Атамекен» ҰКП Төралқасының Құрылыс комитеті өңірлік мәселелерді талқылады

2024 жылғы 23 Қыркүйек
- Абай облысы
3043 просмотров

Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында өңірлік палатаның директоры Мақсат Сүйчиновтің, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының мүшелері және облыс кәсіпкерлерінің қатысуымен «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Құрылыс комитетінің көшпелі отырысы өтті.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Құрылыс комитетінің құрамына 16 қауымдастық кіреді. Комитет ҰКП арқылы құрылыс және жер қатынастары бойынша кәсіпкерлердің мәселелерін шешу үшін бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдармен тиімді өзара әрекеттесуі мақсатында құрылған. Негізгі міндеті – бизнес мүдделерін қорғау. Құрылыс комитетінің төрағасы Ирина Манжанова жиналғандарды органның қызметімен таныстырды.

Келесі кезекте Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Данияр Молкенов Мәжілісте қаралып жатқан заң жобаларына қысқаша тоқталып, «Атамекен» ҚР ҰКП құрылыс және жер қатынастары саласындағы қызметінің негізгі бағыттарын жария етті.

«Қазір құрылыс кодексінің жобасы қаншалықты белсенді және қызу талқыланып жатқанын бәрі біледі. Бұл мәселе қазіргі таңда Мәжіліс деңгейінде қаралып жатыр. Жоба Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы, Жеке тұрғын үй құрылысы туралы және Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы үш заңды біріктіру жайында. «Атамекен» ҰКП әзірлеушіге бизнес-қоғамдастықтың мүддесін ескере отырып, 90-нан астам ескертпесі бар жоба бойынша сараптамалық қорытындыны ұсынды», - деп хабарлады Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Данияр Молкенов.

Сондай-ақ Данияр Молкенов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысы аясында кәсіпкерліктің түйткілді мәселелері Премьер-Министрдің орынбасары төрағалық ететін комиссияның қарауына жүйелі түрде ұсынылатынын атап өтті. Осыған байланысты тиімді ынтымақтастықтың нәтижелері бойынша бизнеске барынша қолайлы шешімдер қабылданады.

Қауымдастық төрағалары өз кезегінде жиналғандарды олардың қызметімен таныстырды.

Сала мәселелерін талқылауға кіріскен Абай облысының құрылысшылар одағының төрағасы мен Палата жанындағы Салалық құрылыс кеңесінің төрағасы Темірлан Нұралинов бірқатар өзекті сұрақтарды ортаға салды.

«Біріншіден, бізді тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін инженерлік желілерді тапсыру жайлы өзекті мәселесі толғандырады. Бұған дейін Абай облысының Кәсіпкерлер палатасында бірнеше рет жиналып, «Шығысэнерготрейд» ЖШС шақырғанбыз. Желілерді беру және қабылдау жаңа Құрылыс кодексінде ескерілгенін қалаймыз, өйткені бұл жеке шоттарды ашуға тікелей байланысты», - деді Темірлан Нұралинов.

Кәсіпкерлер ИЖ-ді пайдалануға беру және қабылдау рәсімдерінің ұзақтығына да наразы болып, құрылысқа рұқсат алу мерзімін қысқартуды сұрап отыр.

«Ешқандай нақты бірыңғай ережелер, аудару процедурасы жоқ. Бірақ біздің ұсыныстарды, өкінішке орай, Әділет министрлігі жібермеді. Біз бұл жұмысты жалғастырудамыз», — деді Данияр Молкенов.

Сондай-ақ «Е-Qurylys» ақпараттық жүйесін пайдалану шарттары туралы сұрақ қойылды. Естеріңізге сала кетейік, «Е-Qurulys» жүйесін енгізудің мақсаты құрылыс сапасын бақылауды және нысандарды пайдалануға қабылдауды автоматтандыру және барлық құжаттаманы электронды форматқа көшіру болып табылады. Ол құрылыс саласының субъектілері үшін тегін бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйеге айналады деп күтілген еді, бірақ іс жүзінде бағдарламаны пайдаланушы объектінің құнына қарай ай сайын 50-100 мың теңге төлеуге мәжбүр болады.

«Біз ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, «e-Qurylys» АЖ шарттарының заңсыздығы туралы мәселені көтердік. БҚДА тиісті шаралар өткізіп, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ақылы пайдалану шарттарын жоюды ресми түрде ұсынды. Алайда, қазіргі уақытта Е-Qurylys операторы болып табылатын «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бұл шешімге шағымданып, жүйені ақылы күйінде қалдырды», - деп жауап берді Данияр Молкенов.

Ирина Манжанованың айтуынша, бүгінде мәселелер алға жылжып, шешу жолдары жақын арада ұсынылатын болады. Ол сондай-ақ мәселелерді жедел шешу және проблемалардың маңыздылығын бағалау үшін өңірлік істердің санын көбейтуді ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер