«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Дуалды оқытуға енгізілген кәсіпорындар саны артты

2024 жылғы 16 Қыркүйек
- Шығыс Қазақстан облысы
2763 просмотров

Осы жылдан бастап ШҚО-ның  бірнеше колледжі мен кәсіпорыны дуалды оқыту жүйесіне қосылды. ШҚО кәсіпкерлер палатасында дуалды оқыту ережелері мен өзара іс-қимыл алгоритміне енгізілген өзгерістер талқыланды.

ШҚО кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан хабарлағандай, білім беру бағдарламасы оқытудың барлық кезеңіне бекітіліп, міндетті түрде серіктес кәсіпорынмен келісіледі. ШҚО кәсіпкерлер палатасы дуалды оқыту шарттарының тізілімін жүргізеді.

«Биыл екі мыңнан астам жаңа студент дуалды жүйе бойынша оқитын болады. Сондықтан оқу бағдарламаларын жаңа кәсіпорындармен келісу, тәлімгерлердің оқудан өтуі, колледж шеберлері кәсіпорында тағылымдамадан өтуі керек», - деді Әсет Бердіғалиұлы.

Ол сондай-ақ Ереженің 10-тармағына өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Оқу пәндері көлемінің кемінде 60 пайызын практикалық қызмет атқаруы тиіс. Бұрын бұл тармақ тек ұсынымдық сипатта болған.

Бұдан бөлек, практикадан өту кезеңінде оқушыларды жазатайым оқиғалардан сақтандыруға қатысты Ереженің 8-тармағына өзгерістер енгізілді.

«Кәсіпорындар бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Өзгерістерге сәйкес, енді оқу орындары студенттерді практикадан өту кезеңінде ақылы қызметтерден алынған кірістер есебінен сақтандыра алады», - деді Әсет Әділхан.

Айта кетейік, бүгінде ШҚО-да дуалды оқыту процесіне 278 кәсіпорын, 26 колледж қатысуда. Студенттер 36 мамандық және 55 біліктілік бойынша білім алуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер