«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҰКП мен Түркі инвестициялық қоры өңірге инвестиция тарту үшін күш біріктіруде

2024 жылғы 09 Қыркүйек
6263 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Райымбек Баталов пен Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әміреев кездесті. Кездесу барысында қос тарап стратегиялық серіктестік орнату және бірлескен жұмыс бағыттарын дамыту мәселелерін талқылады.

Күн тәртібіндегі басты тақырып тараптардың экономикалық тұрақтылықты белсенді түрде сақтау және аймаққа инвестиция ағынын ынталандыру ниеті болды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Райымбек Баталов Палата Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететін бастамаларды әрдайым қолдайтынын атап өтті. Ол тікелей шетелдік инвестицияларды тарту және бизнеске әділ жағдай жасау ел стратегиясының маңызды бөлігі екенін баса айтты.

Отандық тауар өндірісін ынталандыра алатын технологиялар трансферті де маңызды рөл атқарады. Бұл мәселелерде түркі әлемінің мүмкіндіктері мол.

Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әміреев TIF құру түркі әлемі елдерінің экономикалық интеграциясы жолындағы маңызды қадам екенін айтты. Бұл Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жұмыс істейтін алғашқы бірлескен қаржы институты қатысушылардың экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Одан соң қос тарап ортақ мәселелерге тоқталды.

Әміреевтің айтуынша, «Атамекен» ҰКП-сы кәсіпкерлермен және мемлекеттік органдармен жұмыс істеуде мол тәжірибеге ие, Қазақстанның экономикалық саясатын қалыптастыруда үлкен рөл атқаратын мекеме. Бұл тәжірибе мен қалыптасқан іскерлік байланыстар түркі экономикалық ортасында тиімді болуы мүмкін.

Райымбек Баталов онлайн және офлайн кездесулерді тұрақты түрде өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, алдағы кездесулердің негізгі тақырыбы инвестициялық саясатты талқылау болмақ.

Кездесу соңында тараптар алдағы серіктестіктің табысты болатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, TIF 2023 жылы 16 наурызда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде құрылған болатын. Қордың қатысушы мемлекеттері Қазақстан Республикасы, Әзірбайжан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түркия және Өзбекстан Республикасы болып табылады. TIF мақсаты – аймақішілік сауданы кеңейту және экономикалық белсенділікті қолдау арқылы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер