«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Көшпенділер ойындары: Әлем туристері отандық кәсіпкерлерге таңдай қағуда

2024 жылғы 09 Қыркүйек
5164 просмотров

Күні кеше Астанада 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары басталды. Айтулы додаға әлемнің 89 елінен 2500-ден аса спортшылар мен делегациялар келді. Биылғы дүбірлі додада спорттың 21 түрінен сайыстар өтеді. Оның 11-і қазақтың ұлттық спорт түрлері.

Байрақты бәсеке аясында «Қазанат» ипподромы маңынан «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауылы ашылды.

Ашық аспан астындағы мәдени кешенге келген қонақтар қазақ халқының тарихы мен мәдениетімен танысуда. Алаңға еліміздің барлық өңірінен арнайы киіз үй тігілді.

«Атамекен» ҚР ҰКП осынау шараға өз үлесін қосты. Елімізде Ұлттық палатаның ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасының былтырғы финалистері этноауылға арнайы келіп, қонақтарға өз өнімдерін ұсынуда.

Солардың бірі Қостанай облысынан келген Гүлнұр Кәкімбек. Ол 2021 жылдан бері «Qazaq Brand» атты тауар маркасымен ұлттық тәттілер өндірісімен айналысып келеді. Кәсіпкердің айтуынша, Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары аясында ұйымдастырылған мұндай шара өз өнімдерін әлемге паш етуге керемет мүмкіндік.

«Бүгінгі күнге дейін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының ұйымдастырумен өткізіліп жатқан семинарлар мен жәрмеңкелерге қатысып, орасан тәжірибе жинақтадым. Осылайша былтыр өткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисі атандым. Ал, бүгін бүкіл әлем назар салып отырған Көшпенділер ойындарының жәрмеңкесіне қатысып отырмын. Біз қазақтың ұлттық тағамдары жент, тары, талқандарына өрік-мейіз арластырып, оны заманауи үлгіде қаптап сатамыз. Тәттілерімізге шетелдіктер өте қызығушылық танытып, сатып алуда. Алдағы уақытта өнімдерімді шетелге экспорттауды жоспарлап отырмыз», - дейді Гүлнұр Кәкімбек.

Ал, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Белес аулынан келген Гүлбақыт Қуанышқалиева жәрмеңкеге «Zere» тауар маркасындағы ұлттық нақышта безендірілген тәттілерін әкелді. 2019 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасымен 2 миллион теңге грант жеңіп алған Гүлбақыт Қуанышқалиева бүгінде өз бизнесін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкер өнімдерін Қазақстанның басқа өңірлеріне де сатуды жолға қойған.

«Көшпенділер ойындарына келіп, өнімдерімізді қонақтарға ұсынып отырғаныма дән ризамын. Ендігі мақсатымыз – ұлттық тағамдарымызды шетелге экспорттау», - дейді Гүлбақыт Қуанышқалиева.

Этноауылда өтіп жатқан жәрмеңкедегі «Бір ауыл – бір өнім» жобасының ақтық мәресіне жеткен отандық кәсіпкерлердің өнімдеріне шетелдік қонақтар өте жоғары қызығушылық танытуда. Онда қазақстандық кәсіпкерлердің қолдан жасалған қыш ыдыстары, ұлттық нақыштағы киімдері мен теріден жасалған бұйымдары және түрлі сувенирлер қойылған.

Мәселен, Көшпенділер ойындарын тамашалауға Қытайдан арнайы келген Ли Вентин қазақ мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше ықыласын білдіріп, жергілікті кәсіпкерлерге өз бағасын берді.

«Бұл менің Қазақстанға алтыншы сапарым. Әр келген сайын Қазақстанның қарыштап дамып жатқанын байқаймын. Ал, бүгін қазақ халқының мәдениеті мен қонақжайлығына тәнті болдым. Жәрмеңкеде өз өнімдерін ұсынып отырғандар ауылдан шыққан кәсіпкерлер екенін естігенімде тіптен таңдай қақтым. Қазақстан Көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде өткізетініне сенімдімін», - деді қытайлық қонақ.

Еліміздегі байрақты бәсекені көруге мұхиттың ар жағынан да қонақтар ат басын тіреді. Солардың бірі АҚШ-тың Монтана штатынан келген Зейн Майкл Джерик. Оның айтуынша, Көшпенділер ойындарының Қазақстанда өтуі заңдылық. Қазақтардың терең тарихы мен керемет мәдениеті соның айғағы дейді Майкл Джерик.

«Мен әлемнің көптеген елдерінде болдым. Ал, Қазақстанға алғаш келуім. Шынымды айтсам, қазақтың ұлттық тағамдарының дәмі тіл үйіреді екен. «Zere» бренді өндіретін шоколад арласқан женттің дәмін таттым. Мұндай керемет тәттіні бұрын-соңды жеп көрмеппін. Қазақстан билігі отандық кәсіпкерлерді қолдайтын «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жайында естідім. Бұл керемет бастама! Мен өзім жазушымын. Енді осы әсерімді кітап беттеріне түсірсем деген ниетім бар», - деп америкалық турист ағынан жарылды.

Айта кетейік, күніне 30 мыңға дейін келушіні қабылдай алатын этноауылда алты күн бойы 100-ден астам мәдени іс-шара мен 5 спорт түрінен жарыс өтетін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер