«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Салықтық жеңілдіктерді алып тастау дәрі-дәрмек пен медициналық қызмет бағасының күрт өсуіне әкеледі – ҰКП мәселенің шешу жолын ұсынды

2024 жылғы 26 Тамыз
7104 просмотров

Ағымдағы салық реформалары жағдайында Ұлттық экономика министрлігі корпоративтік табыс салығы (КТС) және денсаулық сақтау саласындағы қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша салықтық преференцияларды алып тастауды ұсынды. Бұл өзгерістер Қазақстанның барлық денсаулық сақтау жүйесіне зардабын тигізуі мүмкін, бұл өз кезегінде сала мамандарының, жалпы жұртшылықтың да алаңдаушылығын тудыруда.  

Мәселенің денсаулық сақтау саласындағы ұйымдары үшін маңыздылығын ескере отырып, «Атамекен» ҰКП Денсаулық сақтау министрлігі мен бизнес-қауымдастық өкілдерімен жиын өткізді. Іс-шараға қатысушылар салық жеңілдіктерін жоюдың ықтимал салдарын талқылап, оларды мемлекеттік деңгейде ұсыну үшін ұсынымдар әзірледі.

 

Қайтымсыз және мүмкін болатын салдары

Іс-шара барысында қатысушылар қазақстандық денсаулық сақтаудың жай-күйіне тоқталып өтті. Медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі соңғы екі жылда үш есеге өсіп, 129 млрд теңгеге жетті. Созылмалы жеткіліксіз қаржыландыру және қарыздардың тез өсуі жағдайында КТС бойынша жеңілдіктердің жойылуы медициналық мекемелердің қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтіруі мүмкін. Тек өткен жылдың өзінде жекеменшік ұйымдардың табысы 143,3 млрд теңгені құрап, КТС 10% болғанда, жылына 14,3 млрд теңге болды. Инфрақұрылымды орнатуға және медициналық жабдықты сатып алуға мемлекеттік инвестицияларды есепке алмағанда, бұл денсаулық сақтау бойынша шығындардың шамамен 0,5% құрайды.   

Бұған объектілер мен медициналық техниканың 55%-дан астам тозуына байланысты инфрақұрылымдық проблемаларды қосқанда, елдегі медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасының күрт нашарлау қаупі төнді. Медициналық бизнес өкілдері мемлекеттік қолдаусыз көптеген адамдар мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қызмет көрсетуден бас тартады, өйткені белгіленген тарифтер рентабельділікті қамтымайды деп шағымданды.  Айта кетейік, МӘМС жүйесіндегі барлық жеткізушілердің 63% жекеменшік клиникалар құрайды. Олардың жүйеден шығуы жекеменшік клиникалардың жабылуына және соның салдарынан халыққа медициналық көмектің қолжетімділігінің төмендеуіне әкеледі. Сондай-ақ, медициналық ұйымдар ақылы медициналық қызмет бағасын бірнеше есе көтеруге мәжбүр болады. Бұл дегеніміз, көптеген азаматтар үшін ақылы медицина қолжетімсіз күйінде қалады.

 

Дәрі-дәрмек бағасының 40%-ға дейін өсуі

Салықтық инновациялар фармацевтикалық нарыққа да әсер етеді. Осылайша, дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдерге ҚҚС енгізу олардың құнын орта есеппен 40%-ға арттырады. Мәселен, нарықтық құны 4400 теңгені құрайтын «Нимесил» препаратының бағасы 6200 теңгеге дейін артады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың күрт қымбаттауы әлеуметтік наразылықты тудыруы мүмкін.

 

Мәселенің шешімі

«Атамекен» ҰКП бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, ҰЭМ-не дәрілік заттарды сату бойынша айналымдарды ҚҚС-тан босатуды және денсаулық сақтау субъектілерін КТС төлеуден босату жөніндегі қолданыстағы тетікті сақтау туралы ұсыныстарын жолдады. Не болмаса медициналық ұйымдардың табыстарына салық салу енгізілген жағдайда 10% орнына 5% мөлшерінде КТС мөлшерлемесін қолданумен шектелу жайында сөз қозғалды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері «Атамекен» ҚР ҰКП-ның денсаулық сақтау саласындағы салықтық преференцияларды сақтау туралы ұсыныстарын қолдайтынын жеткізді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолданыстағы салық жеңілдіктерін сақтауға және медициналық ұйымдарды қолдаудың қосымша шараларын әзірлеу үшін халықаралық тәжірибені қарастыруға шақырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер