«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Байзақ ауданының кәсіпкер әйелдерінің жәрмеңкесі өтті

2024 жылғы 22 Тамыз
- Жамбыл облысы
2701 просмотров

Өткен аптаның соңғы жұмыс күні аудан орталығындағы Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев атындағы саябаққа ауыл тұрғындары ертемен жиналды. Себебі бұл күні мұнда Жамбыл облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының ұйытқы болуымен «Бір ауыл-бір өнім» жобасы аясында Байзақ ауданы іскер әйелдер кеңесінің бірлесе ұйымдастыруымен жәрмеңке өткізілді.

-Жәрмеңкенің басты мақсаты – өңірлерді дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы өнім  өндіріп шығарулары үшін кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Сондай-ақ сертификаттан өткен әрі сұранысқа ие бірегей өңірлік өнімді жасауға ауыл тұрғындарын тарту,- дейді оны ұйымдастырушы  Байзақ ауданы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күнсая Әмірова.

Ел тұрмысының өсіп-өркендеуі жағдайына кәсіпкерліктің мол үлесі бар. Бүгінгі таңда кәсіпкерліктің қанат жайып, ел сұранысына сай өнімдер әзірлеуде әйел кәсіпкерлердің орны ерекше болып отырғанын айта кетуіміз орынды. Мәселен, сарыкемерлік кәсіпкерлер Бақыт Маженова мен Жанбота Нұғыманова қауын, қарбыз қақтары, кептірілген жемістер мен шығарған әр түрлі шай өнімдерін еліміздің түкпір-түкпірінде  сатылымға шығарып отыр. Сол сияқты басқада өздерінің қолөнер бұйымдары, азық-түлік өнімдерімен танылып отырған қыз-келіншектердің қатары көбейе түсуде. Іс-шараның ашылу салтанатында алдымен аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков сөз алды

-Ауданымызда іскер әйелдердің қатары артып келе жатқаны қуантады. Олардың арасында аудан ғана емес облыстық байқауларда жүлде алып жүргендеріде бар.  Олар өздерінің өнімдерін тек көрмелерге шығарып қана қоймай, өзгеде ауыл, облыс орталығына шығарып, тұтынушылардың ризашылығына ие болып жүр. Бұлар бір жағынан ауданымыздың «брендін» қалыптастыруға өз үлестерін қосуда. Біз мұндай кәсіпкер қыздарымызды қолдай отырып, оларды әркез мақтан етеміз,- деді Дулат Бекбосынұлы.

 

-Біздің басты мақсатымыз – ауыл кәсіпкерлерін барынша қолдау, оларға көмек қолын созу. Шығарып жатқан заттары мен азық-түліктерін дүкенге қоюға, одан әрі шет елдерге шығаруға қол жеткізу,- деді Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев.

Бұдан кейін Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Айгүл Ақшалова мен аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күнсая Әмірова сөйлеп, өздерінің игі тілектерін білдірді.
Аудандық жәрмеңкеге 22 кәсіпкер қатысты. Олар өздерінің әртүрлі нан, сүт өнімдерін, қолдан жасалған ойыншықтар мен тоқыма бұйымдарын, шай түрлері мен аналарға арналған кимешек, қауын, қарбыз, басқада кептірілген жемістерін, оқушылардың мектеп формалары, экологиялық таза қой жүнінен дайындалған бұйымдар мен әр түрлі балды сатылымға шығарды. Қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан тұрмыстық бұйымдар мен кәдесыйлар, азық-түліктер көздің жауын алады. Сондықтанда оны көріп, қызықтаушылардың қарасы көп болды. Сатып алып жатқандарда аз емес. Шеберлердің қолынан шыққан әрбір затқа таңдай қағып, таңырқанып жатқандарды да көзіміз шалып қалды.
Аудан әкімінің орынбасары Дулат Бекбосынұлы, Палата басшысы Еркін Атымтаев басқарған құзырлы комиссия мүшелері кәсіпкерлер қолынан шыққан өнімдерді түгел аралап көріп, бағасын берді.

Алдыңғы қатарлы кәсіпкерлері Балжан Жексенбаева, Жанна Жасұзақова, Гүлнұр Амирова, Бахыт Кәрімбайқызы және аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күнсая Әміроваларға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.  Ал Жамбыл облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Шолпан Кариева бірнеше кәсіпкерді марапаттады.

Жәрмеңке қорытындысында өздері өндірген өнімдеріне қарай шайдың бірнеше түрін шығарып жатқан кәсіпкер Жанбота Нұғыманова 1-орынды иеленіп, 100 мың теңгенің сертификатын және Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының I- дәрежелі дипломын иеленді. Сондай-ақ әртүрлі кептірілген жеміс өнімдерін өндіруші Бақыт Мажинова мен бал өндіруші Есдәулет Исмайл екінші, үшінші орындарды бөлісті. Олар тиісінше екінші, үшінші дәрежелі диплом, 50 мың және 20 мың теңгенің сертификатына қол жеткізді.

Жамбыл облысы кәсіпукерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев жеңімпаздар мен марапат иелерін құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Айта кетейік, өткен жылы облыстың 50-ден астап шағын кәсіпкері қатысса, биыл қыркүйек айында облыстық жәрмеңке ұйымдастыру жоспарда. Ол туралы толығырақ алдағы уақытта хабарлаймыз!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер