«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер палатасында туризм бойынша семинар өтті

2024 жылғы 20 Тамыз
- Шымкент қаласы
5330 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында үшінші мегаполистегі туризмді дамытуға арналған семинар өтті.

«Визит Шымкент» туристік-ақпарат орталығы мен кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған іс-шараға орталық және Палата қызметкерлері, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері, этнографтар, турагенттіктердің жетекшілері, гидтер мен салалық басқарма мамандары қатысты.

«Визит Шымкент» туристік-ақпарат орталығы басшысының орынбасары Бағдат Пардабайдың айтуынша, семинардың мақсаты – Шымкентке қыдырып келетін туристерді, әсіресе, шетел азаматтарын қарсы алып, күтудің қағидалары, қонақжайлылық пен қызмет көрсету сапасын жақсарту. Себебі, кез келген елмен алғашқы танысу шекарадан, әуежайдан басталады дейді ұйымдастырушылар.

Семинарда ұлттық парктің маманы табиғат аясында демалудың тәртібін түсіндірді.

«Жалпы, қорықтар, табиғи парктер мен резерваттар ерекше қорғалатын табиғат аймақтары болып саналады. Ол аймақтарда демалудың өз тәжірибесі бар. Соның бірі – табиғаты әсем, көпшілік қызығатын «Сайрам-Өгем» табиғи ұлттық паркі. Бізге туристер, қыдырушылар өте көп келеді. Парктің туристік рекреация және шектеулі шаруашылық аймақтарында қыдырушылар демалып, арнайы орындарда от жағып, тамақ әзірлей алады. Тек парк қызметкерлерінің нұсқауымен ғана. Басқа орындарда от жағуға, қоқыс тастауға мүлдем болмайды. Сонымен қатар бір топ қыдырушыны ертіп апаратын гидтер өз бағыттары туралы алдын ала хабарлап, туристер жеке құжаттарын алып жүруі тиіс. Бұл тәртіптен Шымкент қаласы бойынша экскурсоводтар мен гидтердің барлығы дерлік хабардар деп айта аламыз», – дейді «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Қалжігіт Қалыбаев.

Ал Түркістан халықаралық туризм және меймандостық университетінің өкілі қазақтың қонақ күту дәстүріне тоқталып өтті.

«Қонақжайлылық ежелден қазақ халқының ерекше қасиеті болып табылады. Қазақтың үйіне қонақ қай уақытта келсе де оған сәлем мен құрмет көрсетіліп, қонақжайлылықпен қарсы алады. Қонақ дала көшпелілері өмірінің әлеуметтік-мәдени коммуникациясының негізгі тұлғаларының бірі болды. Бүгінде қазақтар ежелден келе жатқан қонақжайлылық заңдылықтарын жоғалтқан жоқ, керісінше, оның шекарасы кеңейді. Тек қазақтар ғана емес, көп ұлтты мемлекетімізде тұратын басқа ұлыс өкілдері де қонақ күту мәдениетін меңгергені қашан», – деді этнограф Бибігүл Иззатуллаева.

Семинар барысында туристік компаниялардың өкілдері шетелдік азаматтарды күтіп алғанда жағымды әсер қалдырып, сапалы қызмет көрсетудің туризм саласын дамытуға қосар үлесі туралы ұсыныс-пікірлерін шекарашылар мен әуежай қызметкерлеріне жеткізді. Жиынға қатысушылар өзара сұрақ-жауап алмасып, тәжірибелерін бөлісті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер