«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Мектепке жол». Кәсіпкерлер 70 балаға құрал-жабдық сыйлады

2024 жылғы 16 Тамыз
- Ақтөбе облысы
2169 просмотров

Жаңа оқу жылының қарсаңында Хромтау ауданында дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бастау алды. Әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларына мектеп құралдарын түгендеген аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Ұлан Жаналин жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен Хромтау қаласындағы 7 мектептің 70 оқушысына оқу құралдары толтырылған сөмкелерді табыстады. 

Оның айтуынша, үрдіске айналған қайырымдылық акциясына аудан кәсіпкерлері жылда белсенді түрде қатысады екен.

"Аталмыш акция шеңберінде оқушыларға берілетін көмек жылдан-жылға көбейіп келеді. Биылғы оқу жылына да дайындықты тамыз айының басынан бастап кеттік. Аудан орталығындағы мектептердің әлеуметтік педагогтерімен байланысып, мұқтаж оқушыларға ең қажетті деген оқу құралдарын алып бердік. Бұл игі бастамаға қолдау білдірген, демеу болған әрбір кәсіпкерге рақмет айтып, оқушылардың алғысын жеткізгім келеді", – деді Ұлан Жаналин.

 

Кәсіпкер Талма Тасболатова да акцияның маңыздылығын атап өтіп, жергілікті бизнес өкілдерінің бұл бастамаға белсенді қатысатынын айтты:

"Балалардың білімге деген құлшынысын арттыру үшін, олардың толыққанды оқуына қажетті жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы акция аясында балалардың қуанышына куә болу – біз үшін үлкен мәртебе. Әр жыл сайын мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетуге тырысамыз", – деді ол.

Оқушылардың еш алаңсыз білім алуына себепкер болатын бұл науқан жергілікті кәсіпкерлердің демеуімен бастау алды. Аудан орталығында ғана емес, аудан көлемінде жүзеге асатын акция оқу жылының басына дейін жалғаспақ.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер