«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан мен Өзбекстан Іскерлік кеңесі: қос ел жаңа жобаларға бастамашылық етуде

2024 жылғы 07 Тамыз
5702 просмотров

Бүгін Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында Қазақстан-Өзбекстан Іскерлік кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Кездесуде шағын және орта бизнес экономикалық өсудің қозғаушы күші тақырыбында әңгіме өрбіді.

Іс-шараға Қазақстанның мемлекеттік секторы мен жүзден астам компания, соның ішінде «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Kazlogistics» Қазақстан көлік қызметкерлері одағы, сондай-ақ Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері мен өнеркәсіп кәсіпорындары жиналды.

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов екі елдің бизнес пен мемлекеттік құрылымдарының өзара іс-қимылының айқын екенін атап өтті.

«Тәжірибе көрсеткендей, Орталық Азия нарығындағы ынтымақтастық пен бірлескен бәсеке жақсы нәтиже береді. Жұмыс орындары бойынша ең кең тараған жеңіл өнеркәсіп үлкен қызығушылық тудырады. Көлік, логистика және ШОБ маңызға ие. Біз іскерлік қарым-қатынастардың нығайып келе жатқанын көріп отырмыз», - деп айтты Райымбек Баталов.

Екіжақты қарым-қатынастардың нығая түскенін Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов атап өтті. Мемлекет басшыларының тапсырмасы бойынша өзара сауданың қазіргі көлемі 4,4 миллиард долларды құрайды. Бұл көрсеткіш 10 миллиард долларға жетуі мүмкін. Елшінің айтуынша, қазірдің өзінде Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 1043 компания жұмыс істейді. Осылайша Қазақстан бірлескен кәсіпорындар саны бойынша Өзбекстанның серіктес елдерінің алғашқы үштігіне кіріп отыр.

Энергетика, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы және экология салаларындағы бірқатар жалпы жобаларды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров ұсынды. Оның айтуынша, өнеркәсіптік кооперацияға қазірдің өзінде құны 2,6 миллиард доллар болатын жобалар кіреді, оның 55-і Қазақстанда, бесеуі Өзбекстанда жүзеге асырылуда.

«Біз кәсiпорындардың негiзiнен ШОБ есебiнен өсiп жатқанын көрiп отырмыз. Бұған жауап беретін, басшылары Іскерлік кеңестің тең төрағалары болып табылатын «Атамекен» ҰКП және Сыртқы сауда палаталарының еңбегі көп. Тәжірибелеріміздің арқасында бірлескен бизнесті жүргізуге және басқа елдердің нарығына шығуға болады», - деді Әлібек Қуантыров.

Өз кезегінде Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Дилшод Расулов ​​қос ел арасындағы іскерлік байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 4,3 миллиард доллардан асады, оның ішінде экспорт – 1,3 миллиардтан астам, импорт – 3 миллиард доллардан астам.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Кәрімсақов ауыл шаруашылығы, машина жасау, химия және электротехника салаларындағы басым жобаларды атады. Төраға Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік дәліздерді қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне тоқталды.

Шараға қатысушылар Іскерлік кеңестің сәтті нәтижелерімен де бөлісті. «Asia Metal Prof» компаниясының өкілі Шавкат Махмудов Тараз қаласындағы металлургиялық зауыт құрылысына тоқталды. Кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі 200 млн долларды құрап, 500-ге жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«Өткен жылы ғана Меморандумға қол қойдық, бүгінде жоба іске қосылды. Сондай-ақ, біз басқа инвесторларды тартатын ыстық мырыштау зауытының құрылысын қолға алғымыз келеді», - деді ол.

Басқосуда жеңіл өнеркәсіп тақырыбына ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, екі ел арасында Қазақстанда тоқыма мата шығаратын фабрика құру туралы келіссөздер жүргізілді. «QazTextileIndustry» Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық қауымдастығы» ӨӨБ басқарма төрайымы Гүлмира Уахитованың айтуынша, соңғы бес жылда мұндай жетістікке қол жеткізілмеген.

«Атамекен» ҰКП мен Сыртқы сауда палатасы арқылы өзбек әріптестерімізбен диалог орнатуға мүмкіндік алдық. Біздің міндетіміз – Қазақстанның реттелетін сатып алу жүйесі мен ішкі коммерциялық нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру. Өзбекстандық әріптестеріміздің оң тәжірибесін біле отырып, біз отандық зауыт ашуда ынтымақтастық орнатқымыз келеді», - деді спикер.

Шара нәтижесінде екі елдің кәсіпкерлері арасындағы даулы мәселелерді шешудің құқықтық негіздерін нығайтуға бағытталған маңызды құжаттарға қол қойылды.  Атап айтқанда, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Арбитраж орталығы мен Ташкент халықаралық Арбитраж орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер