«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Еліміздің ірі салық төлеушісіне 13 млрд теңге айыппұл салынды

2024 жылғы 01 Тамыз
6500 просмотров

«Атамекен» ҰКП алаңында «Каспий мұнай» АҚ мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында қамтылған талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша талқылау өтті.   

Кездесуге «Атамекен» ҰКП Басқарушы-директор – Мұнай-газ секторы және экология департаментінің директоры Мұратбек Маханов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасының басшысы Данабек Жангунисов, «Каспий мұнай» АҚ өкілі Мұрат Сыдық және «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ Экологиялық реттеу департаментінің директоры Ерұлан Белгібеков қатысты.

 

Әкімшілік істің қозғалуына не түрткі болды?

Әкімшілік істі қозғауға ұңғымаларды бұрғылау мерзімі жобасы аясында белгіленген бұрғылау мерзімінен ауытқу, сондай-ақ бұрғылау ұнтағының (шламының) қалдықтарын жинақтауға шекті өлшемнің болмауы негіз болды.

Алайда, 2007-2021 жылдар аралығында қолданыста болған Экологиялық кодекске сәйкес, бұрғылау жобасына эмиссияларға экологиялық рұқсат алу кезінде бұрғылаудың нақты кестесімен келісу талап етілмегенін атап өткен жөн. Экологиялық сараптаманың негізгі міндеті жоспарланған шешімдердің экологиялық негізділігін анықтау болып табылады. 

Сонымен қатар, жұмыс кестесін өзгерту жобаны жаңартуға немесе жаңа рұқсат алуға негіз бола алмайды. Бұл ретте, «Құқықтық актілер туралы» заңның 43-бабының 1-тармағына сәйкес, нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайды.

 

Жаңартылған Экологиялық Кодекс

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңартылған Экологиялық кодекс күшіне енді. Кодексте «қалдықтарды сақтау» ұғымын алмастырған «қалдықтарды жинақтау» ұғымы пайда болды.

Бұрын қолданыста болған нормалар бойынша, егер қалдықтарды сақтау жүргізілмесе не бөгде ұйымдарға берілсе, онда рұқсатта қалдықтарды сақтауға арналған лимиттер белгіленбеді. Ал жаңа кодекс бойынша қалдықтарды жинақтауға шекті өлшем белгіленетін болды.

Сонымен қатар, жаңа Экологиялық кодекстің өтпелі ережесінде 2021 жылғы 1 шілдеге дейін алынған қоршаған ортаға эмиссияға арналған рұқсаттар осындай рұқсаттардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін не экологиялық рұқсат алынған күнге дейін қолданылады деп көзделген.

«Каспий мұнай» АҚ өкілі Мұрат Сыдық орын алған жағдай туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Өтпелі жағдайға қатысты құзыретті органдар бірнеше рет ресми түсініктемелер берген. 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін алынған эмиссияға рұқсат осындай рұқсаттардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады және қызметті жалғастыру үшін жаңа рұқсат алу талап етілмейді.

Сондай-ақ, егер Қоғам қандай да бір өрескел бұзушылықтарға жол берсе, профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталатынын атап өтті. Алайда талаптардың бұзылуы, эмиссияға рұқсатсыз ұңғымаларды бұрғылау, сондай-ақ қалдықтардың жиналуы анықталмағанын жеткізді.

Сонымен қатар, ол Қоғам 2021-2022 жылдары экологиялық рұқсатта белгіленген эмиссия нормативтерінің асып кетуіне жол берілмегенін атап өтті. Тиісінше, ұңғымаларды бұрғылау кестесінен ауытқу рұқсатта көзделген эмиссия нормативтерінің асып кетуіне әкеп соқпады. 

Осылайша, «Каспий мұнай» АҚ өкілінің айтуынша, қарастырылып отырған уақыт кезеңінде Қоғам өз қызметін жаңа Экологиялық кодекс қабылданғанға дейін берілген рұқсат негізінде заңды түрде жүзеге асырған.

Өз кезегінде, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі ҰКП алаңы дауласу үшін емес, мәселені жан-жақты қарауға мүмкіндік беретін алаң екенін атап өтті.

Алдағы уақытта «Атамекен» ҰКП кассациялық тәртіппен әкімшілік қаулыға шағымдану кезінде «Каспий мұнай» АҚ-на жан-жақты құқықтық көмек көрсететін болады.

Айта кетейік, «Каспий мұнай» АҚ елдегі ең ірі 20 салық төлеушінің қатарына кіреді. Соңғы 10 жылда өндірісті дамытуға 69 млрд теңгеден астам күрделі салымдар салынды және 551 млрд теңге (1,6 млрд АҚШ долларына баламалы сома) салық аударымдары төленген.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер