«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ШҚО стоматологиялары медициналық сақтандыру қорына анестезия қаржысын қайтаруы қажет

2024 жылғы 16 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
4076 просмотров

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қызмет көрсететін жеке стоматологиялық клиникалар анестезия қызметтері үшін 2023 жылға ақшалай қаражатты қайтаруды талап ететін хабарлама алды.

Кәсіпкерлер Қордың әрекетін заңсыз әрі негізсіз деп санап, ШҚО кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Талап етілген сомалар ондаған миллион теңгеге жеткен.

Бұл мәселе кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Кеңесінде қаралды.

ШҚО кәсіпкерлер палатасы тісті емдеу және жұлу кезінде стоматологиялық қызметтердің тікелей шығыстарына дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдануға арналған шығындар, оның ішінде анестетиктерге арналған шығындар, қажетті ем-дом жасау, тіс дәрігерінің алғашқы қабылдауына жұмсалған уақытты да ескерген. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүргізген талдау нәтижелері бойынша стоматологиялық қызмет көрсету кезінде анестезия бойынша қызметтер көлемін арттыру фактілері анықталды.

Кәсіпкерлер Қордың мұндай тұжырымымен келіспейтіндерін жеткізді. Айтуларынша, олар 2022 жылы да осындай ретпен жұмыс  жасаған екен. Алайда, Қор тек 2023 жылы көрсеткен қызметке және биылғы жылдың бірінші жартысына назар аударған. Биылғы жылы стоматологиялық клиникаларға анестезия үшін әлі қаражат түспеген, дегенмен жылдың басында медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа қол қойылған.

«Қаңтар айында шарт жасар алдында біз көрсетілетін қызметтер тізбесі бар арнайы кесте дайындадық. Қор қол қойды, бес ай жұмыс істегеннен кейін бізге анестезия үшін төлем жасалмады. Ақшаны қалай қайтаруымыз керек? Бұл тауар емес, көрсетілген қызмет. Біз анестезиясыз жұмыс істей алмаймыз. Балаларымызға бұл ауыр тиеді»,- деп атап өтті «Аль-Дента» стоматологиялық клиникасының жетекшісі, дәрігер Светлана Алексеева.

Оның айтуынша, Қор шығындардың құрылымына анестезия кіретінін, оны жеке санат ретінде қарастырудың қажеті жоқ екенін жеткізді.

«Бірақ тісті жұлу 1073 теңге, ал ауырсынуды басуға арналған дәрі 1400 теңге болса, оны қалай шығын құрылымына кіреді деп айтуға болады? – дейді Светлана Николаевна. – Біз тіс жұлу қызметіне кіретін қызметтерді зерделей бастағанда, оның құны 106 теңге болғанын көрдік. Бұл аппликациялық анестезия, яғни бала ауырсынуды сезінбеуі үшін жай ғана беткі жағын өңдейді. Тісті жұлу үшін қажет анестезияның барлық басқа да түрлерін қолдануға  құқығымыз жоқ екен».

ШҚО бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры филиалының директоры Данияр Исеновтың айтуынша, 2024 жылы жоғары аудиторлық Палатаның сыртқы аудитін жүргізгеннен кейін жасырын жайттар, яғни 2023 жылы анестезия қызметтері бойынша артық төленген сомалар анықталған.

«Осындай жасырын жайттар кез келген кезеңде анықталуы мүмкін», - деді Данияр Исенов.

             ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жигитаев қызметтер, тарификатор, анестетик және анестезия ұғымдарымен шатасулар туындағанын атап өтті. Осындай жағдайға тап болып отырғанымыз – мәселенің мүмкін дұрыс түсіндірілмегенінен шығар, бәлкім. Стоматологиялық клиникаларға республикалық деңгейде министрлікте аталған мәселені көтеріп, дұрыс түсініктеме алу үшін хат жазу қажет.

             ШҚО прокуратура басқармасының прокуроры Дәулет Рамазанов қаражатты өндіріп алу рәсімі жайында сөз қозғады.

             «Егер Қор көрсетілген қызмет үшін қаражат төлеп қойып, кейін ақшаны қайтаруды талап етсе, ал стоматологиялық клиникалар оларды заңды түрде жұмсағанын айтып, ақшаны қайтаруға дайын емес екендерін жеткізсе, онда екі субъект арасындағы азаматтық-құқықтық қатынастарды  сот арқылы шешу дұрысырақ болады», - деп атап өтті Дәулет Рамазанов.

             Отырыс қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Кеңесінің төрағасы Игорь Шацкий ШҚО кәсіпкерлер палатасына стоматологиялық клиникалардың өтінішінде көрсетілген дәлелдерді тексеру үшін Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасына хат жолдауды және расталған жағдайда, кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда көзделген тәртіпке тарта отырып, кәсіпкердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін заңда көзделген барлық шараларды қабылдауды ұсынды.  

             «Сондай-ақ, аталған мәселе республиканың басқа да өңірлерінде кездесуі мүмкін, оны кәсіпкерлер тап болатын проблемалар тізіліміне енгізіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне және «Атамекен» ҰКП Орталық аппаратына жүгіну қажет», - деп атап өтті Игорь Владимирович.

             Ол сондай-ақ облыс прокуратурасынан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалының іс-әрекетінің заңдылығына тексеру жүргізуді және тұрақты мониторингтен кейін ақша қаражатын қайтаруды талап ету туралы қате шешім шығарып, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға жол берген тұлғаларды жауапкершілікке тартуды сұрады.

             Айта кетейік, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО филиалына Кеңес ШҚО стоматологиялық клиникаларына жолданған ақшалай қаражатты қайтару туралы негізсіз талаптарды қайтарып алуды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер