«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес қауымдастық Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа ережелерін қайта қарауды талап етеді

2024 жылғы 15 Шілде
6754 просмотров

Дереккөз: Reuters

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Техникалық регламенттер мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларының талаптарына сәйкес келмейтін өнімді (тауарды) алып қоюды және кері қайтарып алуды жүзеге асырудың жаңа қағидаларын әзірледі.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Сәйкес келмейтін өнімді кері қайтарып алу» қағидасын енгізуге келіспейтін тоғыз ірі қауымдастық жүгініп, бизнес үшін көптеген кедергілер туғызатынын алға тартты. Атап айтқанда:

- ішкі сауда субъектілері мен тауар өндірушілерді өз қаражаты есебінен тауарға ілеспе құжаттар мен тауар-көлік жүкқұжаттары бойынша контрагенттерге өткізілген қайтарып алынатын өнімнің партиясы мен санын сәйкестендіруге міндеттейді;

- өнімді қайтарып алу жайында барлық контрагенттерге хабарлау;

- кері қайтарылатын өнімді қабылдау пункттерін ұйымдастыру;

- кері қайтарып алудың логистикалық және өзге де шарттарына мән беру.

Ендігі кезекте контрагенттер өнімді қайтаруға немесе бұзушылықтарды өз бетінше жоюға міндеттеледі. Өнімді қайтарып алу жөніндегі талаптарды орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.  

Әлемдік тәжірибеде өнімді қайтарып алуды бизнес мемлекеттік бақылау шараларынсыз өз еркімен жүргізеді.

Конституцияға сәйкес кері қайтарып алуға мәжбүрлеу шаралары (ҚР Конституциясының 26-бабының 3-тармағы) тек сот шешімі бойынша ғана қолданылуы тиіс, себебі бұл жеке меншік құқығы бар өндірушімен қатар, өнімді тарататын дилермен немесе басқа сатушымен де байланысты болып келеді.

Сондай-ақ, кодекстің жаңа редакциясы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарына өнімді кері қайтарып алу және алып қою бойынша ғана емес, әкімшілік іс жүргізуді қозғамай өндірісті тоқтата тұруға шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде Конституцияның 26-бабы 4-тармағымен кепілдендірілген кәсіпкерлік қызмет еркіндігі бойынша құқықтың бұзылуына алып келеді.

 

«Атамекен» ҰКП ұстанымы

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі отырысының негізгі баяндамашысы Техникалық реттеу департаментінің директоры Жазира Шүйкебаева Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар құжатын әзірлеу кезінде осы шараларды енгізе бастағанын хабарлады.

Жобаны әзірлеудің барлық кезеңінде «Атамекен» ҰКП мүдделі мемлекеттік органдарға жүгініп, аталған проблемаларға назар аударған.  Алайда, қазіргі уақытта олардың тарапынан «экономиканың негізгі драйвері» үшін кедергілерді жою бойынша қандай да бір шаралар қабылданбаған.

Бұл норма отандық тауар өндірушілер мен сауда ұйымдарына қаржылық, логистикалық және ұйымдастырушылық жүктеме әкеледі. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінде бизнес субъектілерін тексеру артады және бюрократияға тап болады. 2024 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда сегіз есе өскенін байқауға болады.  

Айта кету керек, мұндай шараларға конституциялық құрылымға, халықтың денсаулығы мен өміріне төнетін қатерлерді оқшаулау үшін тек қысқа мерзімге ғана жол беріледі. Бірақ соңғы шешімді сот қабылдауы тиіс. Мұндай норма заңға енгізілмеген.

 

Салалық қауымдастықтар пікірі

Сауда кәсіпорындары қауымдастығының өкілі Жібек Әжібаеваның айтуынша, заң бойынша бақылау және қадағалау мемлекеттік органдардың құзыреті болып табылады, ал Денсаулық сақтау министрлігі қазір өз өкілеттіктерін бизнеске тапсыруда.

«Меніңше бұл өзгерістер заңнамалық емес, ішкі бұйрықпен енгізілгені дұрыс емес. Оның үстіне қаржылық шығындар өтелмейді», - деді Әжібаева.

Ол сонымен қатар елімізде  үлкен уақытша сақтау қоймалары жоқ екенін және кәдеге жарату міндеттемелері анықталмағанын атап өтті.   

«Қазақстанның май-тоңмай одағының» өкілі Константин Невзоров импорт мәселесіне тоқталды.

«Стандарттарға сәйкес келмейтін тауар үшін жауапкершілік ресми дистрибьюторға артылады, себебі тауар ресми түрде оған тиесілі болып келеді», - деді ол.

Невзоровтың пікірінше, бұл тауар өндірушілер мен контрагенттер арасында көптеген сот процесін тудырады. Бұдан өзге, түрлі шығындар  кімнің есебінен өтелетіні де белгісіз.

Сондай-ақ, ол Денсаулық сақтау министрлігіне әрекет ету шараларын жылдамдату мақсатында «тауарды алып қою» рөлін заңнамалық тұрғыдан күшейтуді ұсынады.

 

Бизнес ұсынысы

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңес өзінің барлық шешімдері мен ұсынымдарын хаттамаға енгізіп, мемлекеттік органдарға жібереді.

Ең алдымен, Кеңес Конституциялық сотқа жүгінуге өкілеттігі бар Бас прокуратураға және Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінуге ниетті.

Денсаулық сақтау министрлігіне Денсаулық сақтау министрінің Ережелерді бекіту туралы 2024 жылғы 28 маусымдағы №39 Конституцияға қайшы келетін бұйрығын алып тастауды және бизнес қауымдастықпен келісілген өзгерістерді әзірлеуді ұсынады.

Әділет министрлігіне Үкіметтің 2025 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына Кәсіпкерлік кодексінің 82-бабына жаңа реттеу құралын және (немесе) кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты талаптарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату кезінде міндетті талдау жүргізуді көздейтін өзгерісті енгізуге бастамашылық жасау ұсынылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер