«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес және билік: ашық әрі тиімді диалог

2024 жылғы 27 Маусым
5304 просмотров

Астанада бизнес-қауымдастықтың, «Атамекен» ҰКП, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері, Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері мен заңгерлердің қатысуымен «Бизнес пен мемлекеттің ашық диалогы» форумы өтті.

Форумның мақсаты – Қазақстандағы салық салудың өзекті мәселелерін талқылау, жаңа Салық кодексіне ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ Үкімет пен бизнес арасында өзара пікір алмасу.

Өз сөзінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов жаңа Салық кодексінің елдегі кәсіпкерліктің дамуына қалай әсер ететінін атап өтті.

«Шынында да, біз мемлекеттік органдар бастамашылық еткен ұсыныстарды бизнестің нақты моделіне енгізе бастағанда, негативті жайттар бар екені анықталды. Қазіргі уақытта оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі бар. Ол жеке және заңды тұлғалармен жұмыс бағыттары бойынша іске асуда. Жаңа Салық кодексінде оңайлатылған режим бойынша жеке тұлғалармен жұмыс істейтіндер үшін мөлшерлемені 3%-дан 2%-ға дейін төмендету жоспарлануда. Сонымен қатар, заңды тұлғалармен жұмыс істейтіндер үшін жүктеме 3%-дан 8%-ға дейін артады. Бұл ел экономикасына да әсер етеді» ,- деді Т.Жаркенов.

Сондай-ақ, форумда оңайлатылған декларация негізінде 1.900 мың салық төлеуші, ал бөлшек салық режимін 30 мыңнан астам салық төлеуші қолданатыны айтылды.

Мемлекеттік органдар шағын бизнес үшін ҚҚС бойынша тіркеу талаптарының болмайтынын айтуда. Іс жүзінде шағын бизнес субъектілері үшін ҚҚС бойынша тіркеуге арналған шегі жаңа АСР қолдану үшін белгіленген шекке тең болады (яғни, 7 есеге – 500 млн теңгеге дейін ұлғаяды).  

Алайда, жалпыға бірдей белгіленген режим шеңберінде жұмыс істейтін барлық басқа кәсіпкерлер үшін ҚҚС бойынша шек мәселеcі ашық күйінде қалып отыр. Ұлттық палата бұл мәселені уәкілетті мемлекеттік органдармен талқылауды жалғастырады.

Орталық Азия франчайзинг қауымдастығының төрағасы Гүлбану Майгарина осындай жиынның маңыздылығына тоқталды.

                                                                            

«Бүгінгі форум – бірегей іс-шара деп ойлаймын.  Билік бизнеспен сындарлы диалог құрып, жаңа Салық кодексін талқылап жатырмыз. Зал лық толы, қызу пікірталастар болып жатыр. Аталған мәселе бойынша ашық әрі тиімді диалог жүргізу маңызды», - деді Г. Майгарина.

Айта кетейік, «Атамекен» ҰКП салық жүйесін жақсарту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен талқылауды жалғастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер