«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес және заң: кәсіпкерлікті қорғау форумының мән-маңызы

2024 жылғы 21 Маусым
7212 просмотров

Дереккөз: https://t.me/GenPr

Бүгін Бас прокуратурада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің, Үкімет пен орталық мемлекеттік органдардың, Парламенттің қос Палатасының депутаттары және ұлттық компания басшылары мен кәсіпкерлердің қатысуымен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға арналған форум өтті.

Форумда мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту, қылмыстық жазаларды жеңілдету және кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін шенеуніктердің жауапкершілігін қатаңдату, сондай-ақ бизнес үшін шығындарды азайту мәселелері талқыланды. Форумға қатысушылар пікір алмасуға белсене қатыса отырып, еліміздегі кәсіпкерлік бастаманы қолдау және құқықтық базаны жақсарту бойынша ұсыныстар жасады.

Кездесуді аша отырып, Бас Прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығы елдің экономикалық әлеуетін кеңейту және инвестициялық ахуалын жақсарту мәселелерінде тың әрі шешуші шара болғанын атап өтті.

Артық шектеулерді алып тастау, салық жүктемесін және бюрократиялық кедергілерді азайту инвестициялар ағыны мен елдің экономикалық дамуына ықпал етеді.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов алғысөзінде кәсіпкерліктің тұрақты дамуы Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі екенін айрықша атап өтті. Ол бюрократияны жою, сондай-ақ, экономика өсіміне, бизнестің еркін дамуына барлық жағдай жасау мақсатында бизнес-қауымдастық пен мемлекеттік органдар бұдан былай да бірлесіп жұмыс істейтініне сенім білдірді.  

Баталовтың айтуынша, инвесторлар алдында тұрған басты кедергілердің бірі – заңға жиі енгізілетін өзгерістер. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер жаңа талаптарға бейімделіп үлгермейді.

«Осы орайда Мемлекет басшысының әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, прокурорларға маңызды инвестициялық жобалардың кедергісіз жүзеге асырылуын тапсыруы бекер емес.

Бұл, өз кезегінде, мемлекеттік органдардан жүйелі әрі нақты саясат ұстануды талап етеді. 

Әсіресе мемлекет тарапынан ұсынылған бағдарламаларға инвестиция тарту көзделгенде бизнесті қолдау қажет», - деді Баталов.

Бұдан кейін бизнес-қауымдастық өкілі мысал келтірді.

2020 жылы Қостанай облысының «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына «Poultry-Agro» ЖШС құс фабрикасын жаңғырту мақсатында қайтарымды негізде 700 млн теңге бөлінді.

Бірнеше жылдар бойы кәсіпорын тұрақты түрде жұмыс істеп, экспортқа өнім шығара бастады. Ұдайы салық төлеп, қаржы институттары артқан міндеттемені адал орындады. 

Арада 4 жыл өткен соң, биыл сәуір айында, мемлекеттік аудиторлар кәсіпкердің жауапкершілігі дәлелденбегеніне қарамастан, мемлекеттен бөлінген қаржының қайтарылуын талап етті.

Қарызды келісімшартта белгіленген мерзімнен ерте қайтару талабы жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның жабылуына әкеп тірейді. Онсыз да инвестиция бөлінгенін күткен фабрика 8 жыл тоқтап тұрды. 

Сонымен қатар, Райымбек Баталов құқық қорғау органдарының бизнеске ықпалына тоқталды. Мысалы, тергеу кезінде кінәсі дәлелденбестен қамауға алу кәсіпорынның тоқтатылуына, тіпті жойылуына әкелуі мүмкін. Оның орнына ол кепілге қою, яғни экономикалық алдын алу шарасын енгізуді ұсынып отыр.

Сондай-ақ, Баталов Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп әзірленіп жатқан Инвестициялық картаға қадағалау қызметін (прокуратура) енгізуді ұсынды. Платформа live-режимде инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын бақылауға,  объективті көріністі көруге, түпкілікті бақылауды жүргізуге және нақты түсінікті анықтауға мүмкіндік береді. Егер біреудің тарапынан дұрыс орындалмаса не немқұрайлылық болса, онда карта мұны көрсететін болады.

ҚР Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Қанат Нұров өз сөзінде кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу және өзге де кедергілер үшін лауазымды тұлғалардың жеке әкімшілік жауапкершілігі іс жүзінде қолданылмайтынын айтты.

«Сондықтан Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің өзіне лауазымды тұлғалардың саналы түрде заңсыз әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін әкімшілік, тіпті азаматтық-құқықтық (материалдық) дербес жауапкершілігін автоматты түрде енгізу маңызды. Атап айтқанда, әкімшілік соттар заңсыз әкімшілік актілердің күшін жою кезінде оларды қабылдағандарға қатысты жеке ұйғарым шығаруға құқылы емес, міндетті болуы керек», - деді Қанат Нұров.

Ол кәсіпкерлерге келтірілген шығынды мемлекет есебінен емес, тікелей кінәлі шенеуніктердің есебінен өтеуді қамтамасыз етеді деп есептейді. 

ҰКП Төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанованың айтуынша, кәсіпкерліктің қылмыстық процеске қатысуын талдау үшін аталмыш саладағы қылмыстық істердің жеке хаттамасы жасалған. Өткен жылы 444 жағдай тіркелді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге кем. Сол жылы 56 мың істің тек 251-і кәсіпкерлік қызметке қатысты болса, әрбір бесінші іс (251 істің 58-і) ақтау негіздерімен қысқартылды, бұл прокуратураның қайталап тексеру қажеттігін көрсетеді.

Кездесу соңында Бас прокуратура, Сыртқы істер министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ҚР Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі арасында өзара ынтымақтастық туралы төртжақты меморандумға қол қойылды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер