«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында шағын индустриялық парк құрылады

2024 жылғы 13 Маусым
- Ақтөбе облысы
2077 просмотров

Бұл туралы Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов пен Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Әкімжан Есенамановтың қатысуымен өткен кездесу барысында аудан кәсіпкерлеріне хабарланды.

Кездесуге Мұғалжар аудандық кәсіпкерлер кеңесі мүшелері, бір қатар кәсіпкерлер қатысты. Шара барысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Мұғалжар аудандық филиалының директоры қызметіне тағайындалған Көмекбай Бектұрғанов көпшілікке таныстырылды.  

Көмекбай Қуантайұлы Мұғалжар ауданында әртүрлі салада бірқатар қызметтер атқарған. Заңгерлік білімі бар. Соңғы жұмыс орны «Amanat» партиясы Мұғалжар аудандық филиалының атқарушы хатшысы.

ӨКП директоры Дидар Боранқұлов филиалдың жаңа тағайындалған басшысына ауданның бизнес-ортасын зерделеуді, қызметтің қандай да бір түрлеріне қажеттілікке мониторинг жүргізуді, ауданның кәсіпкерлік қоғамдастығын шоғырландыру жөніндегі жұмысты күшейтуді, кәсіпкерлерді заң шығару бөлігінде бастамалар мен ұсыныстар әзірлеуге белсенді тартуды, аудандық кеңестің рөлін күшейтуді, сондай-ақ «Атамекенде» бекітілген аудан прокуратурасымен ведомствоаралық топ қызметінің тәжірибесін жалғастыруды тапсырды.

Өз тарапынан кәсіпкерлер бірқатар сұрақтар қойып, өз ойларымен де бөлісті. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер Нұрбақыт Кульжумуров жас кәсіпкерлерді қолдау шараларын жетілдіру мен Қандыағаш қаласында жастарға арналған демалыс орындарын ұйымдастыруға көмек көрсету мәселесі туралы, ал жеке кәсіпкер Қанат Айбосынов жаңадан ашылатын кәсіпкерлік нысандарына электр тоғын қосу мәселесі туралы сұрақтар көтерді.   

Электр желілерін қосу үшін рұқсат құжаттарын алу кезінде бюрократиялық кедергілер мәселесін Палата заңгерлері зерттеп, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің отырысына шығаруы мүмкін екендігі атап өтілді.

Өз кезегінде Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары ауданда кәсіпкерлікті қолдау бойынша атқарылып жатырған шараларға толықтай тоқталып өтті, оның ішінде кәсіпкерлердің көңілін  қуантарлық бірқатар игі шаралар бар.

«Келесі жылдан бастап кәсіпкерлік саласын қолдауға аудан бойынша жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Енді қаржыны бюджетке салып, берілу тетіктерін нақтылау қажет. Тағы бір жоспарланып жатырған үлкен шара — бұл Қандыағаш қаласында бұрыннан бос тұрған офистік ғимараты бар өндірістік базасын коммуналдық меншігіне алып, кәсіпкерлерге қолдау есебінде Шағын индустриалды парк пен сауда-өндірістік алаң ретінде берілуі қаралуда. Яғни ауданның кәсіпкерлері бір жерге шоғырланып, өз жұмыстарын жасамақ. Бұл ғимараттар кәсіпкерлерге жеңілдетілген түрде берілмек», —  деді Әкімжан Есенаманов.

Өз кезегінде Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Мұғалжар ауданының кәсіпкерлік саласын дамытуға потенциалы зор екендігін  атап өтті.

«Жоғарыда аталған екі жоба іске асса Республика бойынша кәсіпкерлікті қолдауға  тың бастама болатындығы сөзсіз. Сондықтан бұл бағытта тиісті органдармен бірлесіп тыңғылықты жұмыс жасау керек. Және де келесі жылдан бастап жергілікті кәсіпкерлік саласын қолдауға қаржыны «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының микроқаржы ұйымы арқылы беруді ұсынамыз», — деп атап өтті ол.

Палатаның жобаларды сүйемелдеу, бизнес-жоспарлар жазу және т. б. бойынша жұмыстар жүргізуге әлеуеті бар, деп атап өтті Дидар Боранқұлов.

Кездесу соңында тағы да Мұғалжар аудандық филиалына аудандық кәсіпкерлер кеңесімен бірлесіп, кәсіпкерлердің мұң-мұқтаждарына уақтылы көңіл бөліп, кез келген мәселе мен сұрақтарды қараусыз қалдырмау жүктелді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер