«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жаңаөзенде гипс өндіретін цех қуаты ұлғайып келеді

2024 жылғы 30 Сәуір
- Маңғыстау облысы
5684 просмотров

Жаңаөзен қаласында табиғи гипс өндіретін цех бірнеше тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Цех 2020 жылы мемлекеттің қолдауымен іске қосылды. Кәсіпорын айына 200 тоннаға жуық ұнтақ гипс пен тас гипс өндіреді. Карьерден өндірілетін гипс арнайы  техникамен уатылады. Сапалы өнімге сұраныс жоғары, облыс бойынша  қалалар мен ауыл-аймақтардан ғана емес, өзге де өңірлерден тапсырыс  түседі. 

-Өнімді Ақтау, Жаңаөзен қаласынан, Бейнеу ауданы мен Атырау облысынан тұтынушылар алады. Қазіргі таңда жаңа құрал-жабдықтар алып келдік. Соны іске қосу үстіндеміз. Алдағы уақытта цех аумағын екі есеге үлкейтіп, өндіріс қуатын 3 есеге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, - деді цех басшысы Серікбол Боранқұлов. 

Кәсіпорын Жаңаөзендегі жұмыссыз азаматтардың санын азайтуға да үлес қосуда. Мәселен, цехта 10-нан астам адам қызмет атқарады. Жаз мезгілінде жұмыс көбейеді. Яғни, жұмысшы саны да арта түседі. Цехтың арқасында 6 ай жұмыссыз жүріп, екі қолға бір күрек тапқандардың арасында Аманбай Көбейсінов те бар. 4 баланың әкесі кәсіпкерлерге алғысын білдірді. 

-Бұл цехта 2 айдан бері жұмыс жасаймын. Уақытылы айлық табысымды алып отырмын. Көпбалалы әкемін. Барлығы жеткілікті. Жұмысымды қатты қиын деп айта алмаймын, ер азаматқа жасауға тұрарлық. Өңіріміздегі жұмыссыздықты азайтып, мүмкіндік беріп отырған кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін, - деді Аманбай Көбейсінов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер